«Кублей» зауытындағы дау. Адвокат әбігерге салған әкімдік өкілдерін жауапкершілікке тартуды сұрады
Жүзге жуық отбасы мен қос тараптың қорғаушылары қатысқан іске жақында сот үкімі шығады
Оралдағы ірі зауытқа қатысты шыққан даудан қарапайым халық зардап шегіп жүр. Осылай деген дауласушы тарап өкілі, таласқа себепкер шенеунік жауапқа тартылудың орнына қызметте көтеріліп кеткен дейді. Бұл туралы зауыттың адвокаты сот отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.
Орал қаласындағы әкімдік пен зауыт басшылары арасындағы дауға нүкте қойылар емес. Бүгінгі сот процесінде жарыссөзге жүзге жуық отбасы мен БАҚ өкілдері және қос тараптың қорғаушылары қатысты. Адвокат Базарбек Бақытжанның айтуынша, қалалық әкімдік консерві зауытының жанынан тұрғын үй кешенінінің құрылысын жүргізуге «заңсыз» рұқсат берген. Нәтижесінде бірнеше көп қабатты үй бой көтеріп, тұрғындар қоныстанған. Егер өндіріс заңгерлері мен шағымданушылардың талабы қанағаттандырылмаса, «Кублей» консерві зауыты жабылады дейді. Кәсіпорын ғана емес, осы зауытқа ет өткізіп отырған 3 мыңға жуық шаруа қожалығы да табысынан қағылуы мүмкін. Сондай-ақ 100-ден аса адам жұмыссыз қалуы ықтимал көрінеді.
«Жауапкершілікке бұрынғы шаһар әкімін, қазіргі облыс әкімі аппаратының басшысын тарту керек. Өйткені ол құрылысты жүргізуге рұқсат берілген қаулыға қол қойған. Ал сот әкімдік мүддесін қорғаса, онда мыңдаған адам нәпақасынан айырылады», – деді адвокат Бақытжан Базарбек.
«Бұл жерде 1987 жылдан бері салынған үйлер бар. «Кублей» зауыты 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда сол ескі үйлерге қатысты неге мәселе көтерілмейді. Сол себепті құрылыс заңды. Бұл жерде даулы мәселеге еш негіз жоқ», – деді құрылыс компаниясының өкілі Светлана Кленина.
Сот отырысына үйсіз қалуы мүмкін жүздеген отбасы мүшелері де қатысты. Қоныстойын енді тойлаған жұрт зауыттан зиян жоқ дегенді алға тартты.
«Бір ғана ұсыныс жаңа айтып кеттім, қарапайым халықты қаңғытып қоймаса екен. Сот әділ шешім шығарады деп ойлаймыз. Екі жылдың ішінде күтіп-күтіп, өмірден озып кеткен адамдар болды», – деді тұрғын Ләззәт Намазова.
Осылайша қыруар қаржы салған жұрт енді не істерін білмей дал. Тек әділ шешімнің шыққанын қалайды. Ал, «Кублей» өкілдері «зауытты да, халықты да әбден әбігерген салған әкімдік өкілдері жауапкершілікке тартылуы тиіс» дейді.
Тараптар жарыссөзге шығып, өздерінің позицияларын ашық айтты. Бірнеше жылға созылған даулы мәселеге сот бірер күнде нүкте қояды.