«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында осы жылы Қостанай облысы Жітіқара ауданына қарасты Забеловка және Пригородный ауылындағы білім ошақтары күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жітіқара ауданының білім бөлімі хабарлағандай, былтыр басталған құрылыс жұмысы бүгінде толық аяқталған. Екі бірдей мектепке күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік бюджет есебінен 668,7 миллион теңге бөлінді.
Забелов ауылындағы мектебі 1979 жылы құрылған және де жөндеуді қажет еткен еді. Қазіргі уақытта оқушылар жаңа жиһазы бар жаңартылған мектепте білім алуда. Жиһаз тартылған қаражат есебінен сатып алынды. Мектеп жаңартылғаннан кейін балалардың оқуға деген талпынысы арта түскенін байқауға болады.
Айта кетерлігі, Пригородный ауылындағы жалпы білім беретін мектептің іргетасы сонау 1969 жылы қаланған. Мектеп директоры Гүлнәр Таңжарықованың айтуынша, білім ошағы жарты ғасырдан астам уақыт бойы жөндеу көрмей келген. Дегенмен, биылғы Балалар жылында қайта түлеп, көзтоймас көрікті нысанға айналғанын айтады.
Оның айтуынша, мердігер құрылыс жұмыстарын межелі мерзімінде аяқтап, барша жұртты қуанышқа бөлеген. Жөндеуден кейін жалпы білім беретін білім ордасының жарығы жөнге келтіріліп, жылу жүйесі жаңғыртылған. Сонымен қатар спорт зал мен акт залы кеңейтілгенін де байқауға болады. Асханаға қажетті құрал-жабдықтар да орнатылып, жиһаздар жаңарған.
«Білім ордасында заман талабына сай енгізілген оң өзгерістер оқушылардың оқуға деген зейінін арттырып қана қоймай, ұстаздарға да айрықша қуаныш пен ынта-ықылас сыйлағаны қуантып отыр», - дейді Гүлнәр Таңжарықова.
Оқу орны ішінде орналасқан шағын орталық та талапқа сай қайта жөнделіпті. Енді бұл білім ошағында кішкентай балақайлар үшін күні бойы тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындауға мүмкіндік туып отыр. Үнемделген қаражат есебінен мердігер мектеп ауласына тас төсеніштер төсеп, балаларға арналған ойын алаңын да салып берген.
«Қазіргі таңда бұл жерде оқитын 125 бала үшін заманға сай барлық жағдай жасалған. Ендігі мақсат – сапалы білім беру және қайта түлеген білім ордасын көздің қарашығындай сақтай білу», - дейді білім ордасыың басшысы.
Ал облыстық бюджет есебінен бөлінген 100,3 млн теңге мектептерді жаңғыртуға бағытталып отыр. Қомақты ақшаға қаладағы №9 және №2 білім ордалары мен Чайковский мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында терезе блоктары, жылыту жүйесі ауыстырылды, сонымен қатар, қалалық мектептің шатыры жөнделіп, қоршау орнатылды.
Жаңа 2022-2023 оқу жылына аудандағы барлық мектептерінде бюджеттік қаражат есебінен жиһаз жаңартылды, спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды, мектеп жабдықтары жаңартылды.
Бұдан басқа, тартылған қаражат есебінен № 10 ЖББМ және гимназия аумағында алаңдар салынды, Пригородный ЖББМ және Станционный негізгі орта мектептеріне туристік саймандар мен жабдықтар және робототехника сабақтары үшін лего құрастыру бөлшектері сатып алынды.