СҚО-да ең жоғары сұранысқа ие мамандықтардың көшін тракторшы бастап тұр
Өңірде жұмысшы мамандарға деген сұраныс жоғары
Солтүстік Қазақстан облысында түрлі салада 5,5 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. Ең жоғары сұранысқа ие кәсіптің көшін тракторшы мамандығы бастап тұр. Бұл көрсеткіштер жұмыс берушілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ӨҢІРДЕ ТҮРЛІ САЛАҒА 5,5 МЫҢ МАМАН ҚАЖЕТ
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жұмысшы мамандарға деген сұраныс жоғары. Жыл сайын кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіп, қажет мамандықтардың тізімін анықтайды. Биыл палата осылайша 1700 кәсіпкермен сөйлесіп, өңір бойынша түрлі салаға 5516 маманның қажет екенін анықтады.
«Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына білімді, оқыған азаматтар керек. Мәселен тракторшы мамандығы аса қажет жұмысшылардың ТОП 30-ында көш бастап тұр», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
ТРАКТОРШЫЛАРДЫҢ ТАБЫСЫ ҚАНША?
Константин Григорец Аққайың ауданындағы «GRAIN RICH» серіктестігінде жұмыс істейді. Бірнеше техниканың тілін біледі. Ұжымдағы беделді жұмысшылардың бірі. Биыл шаруашылық «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 127 млрд теңгеге заманауи техника сатып алған. Алайда заманауи көлікті серіктестіктегі тракторшылардың барлығы бірдей тізгіндей алмайды. Ал Константин жаңа техниканың сырын бірден меңгеріп алған.
«Мұндай техникамен бірінші рет жұмыс істеп тұрмын. Өзіме қатты ұнады. Өнімділігі жақсы. Зығырды сағатына 10-11 шақырым жылдамдықпен ордық. Бидайға келгенде спидометр көрсеткішін одан да арттыруға болады. Қуатты техника адам жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, өнімділікті арттырады. Биыл күзгі орақ науқанында 2 млн теңгеге жуық жалақы алдым. Көктемде де табысымыз жақсы болады. Ал қыста шаруашылықтағы малды күтіп-баптауға көмектесеміз. Шаруашылық 5 мың гектар алқапқа майлы және дәнді дақыл егеді. Сонымен қатар асыл тұқымды ірі-қара бағып отыр. Былтыр «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген несие рәсімдеп, 53 млн теңгеге 66 бас ірі-қара сатып алып, өрісін кеңейткен. Асыл тұқымды сиырлардың әрқайсысы тәулігіне 25 литрден сүт береді. 100 мыңнан сәл асса да, жалақы үзілмейді. Қыста жұмыс та көп емес. Бірнеше жыл қалада тұрдым. Тапқаным қапқанымнан қалмайтын. Түрлі мекемелерді жағалап жүріп, ауылға көшуге бел будым. Өкінбеймін. Қалада пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргенше ауылда тұрғаның жақсы. Мұнда үй де арзан. Мал ұстағандықтан, сүт, айран мен май-қаймағың тегін. Тұрмысымыз жаман емес», - дейді тракторшы.
ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ ЕСКІРГЕН
Солтүстікқазақстандық танымал кәсіпкер Иван Зенченко ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандардың жетіспей жатқандығы білім саласындағы олқылық деп есептейді. «Зенченко және К» коммандитік серіктестігі – теріскейдегі алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі. Серіктестік мал шаруашылығы, дәнді және майлы дақылдар өсірумен қатар, өрісін малға толтырып, сүт өнімдерін өндірумен де айналысады. Соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылған бірнеше сүт фермасы бар. Серіктестік басшылығы өз жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік көмек көрсетеді. Соның нәтижесінде шаруашылық маман тапшылығы мәселесін шешіп отыр.
«Ауыл шаруашылығы саласында озық техниканың тілін меңгерген білікті жастар жоқ. Оқу орындары ескі технологиялар бойынша білім береді. Ондай мамандарға еңбек нарығында сұраныс болмайтыны анық. Жаңа үлгідегі шетелдік комбайндардың барлығы компьютерлендірілген. Сондықтан, бізге келген жастарға бәрін басынан үйретуге тура келеді. Одан басқа амал жоқ», – дейді Геннадий Зенченко.
ЖАСТАР АУЫЛДА ЕҢБЕК ЕТКІСІ КЕЛМЕЙДІ
Еліміздің ауыл шаруашылығы білікті мамандарға зәру. Тракторшылармен қатар, агроном, инженер және мал дәрігерлері тапшы. Қазақстанда аграрлық сала мамандарын даярлайтын оқу орындары көп. Бірақ оларда әлі күнге дейін студенттерге кеңестік оқулықтармен білім беріліп келеді.
«Бүгінгі күні жастар ауыл шаруашылығы мамандықтарына баруға құлықсыз. Бұл өзекті мәселелердің біріне айналып барады. Талапкерлердің мемлекеттік білім грантын иелену мақсатында мамандықты кездейсоқ таңдауы белең алды. Ондай студенттердің білім алуға ынтасы да болмайды, әйтеуір екі қолға бір дипломды алсам деген мақсат ұстанады. Соның кесірінен қанша ақша мен уақыт нәтижесіз кетіп жатыр. Ертеректе ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын ұлдардың саны басым еді, қазір 70-80 пайызы қыздар. Олардың көбі өз мамандығына сәйкес елдімекендерге барып еңбек етпейтіні анық. Соның нәтижесінде білікті кадр жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Балаларды мектеп жасынан қандай да бір маман иесі болуға бейімдеуіміз қажет», – дейді биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақов.