Молдоваға қыстан аман шығу үшін бүкіл әлем көмектеседі
Бұл қажеттілік үшін қосымша 1 млрд еуродан астам қаражат қажет болады
Дүйсенбіде Парижде әлемнің ондаған елінің өкілдері Ресейдің Украинаға басып кіруінен қатты зардап шеккен Молдоваға көмектесуге бағытталған конференцияға жиналды. Украина мен Румыния арасында орналасқан 2,5 миллион халқы бар бұл ел Ресейден келетін энергия тасылымдары 50 пайызға қысқарғаннан кейін, қыстың басталысымен экономикалық және гуманитарлық дағдарысқа тап болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.
Молдова билігінің бағалауы бойынша, жергілікті халық қыстан аман шығуы үшін қосымша 1 миллиард еуродан астам қаражат қажет болады.
«Біз алдымен қысқамерзімді төтенше қажеттіліктерге назар аударамыз, оның ішінде Молдоваға көмектесу, оның халқына осы қыста аман қалуға қол ұшын созу сияқты мәселелер бар. Бұл конференцияның тағы бір мақсаты – бұрынғыдай Молдовадағы экономикалық реформалар бағдарламасын, оның инфрақұрылымын қолдау және елдің Еуропалық Одаққа өтуіне ықпал ету арқылы ұзақмерзімді көмек көрсету», - деді Францияның Сыртқы істер министрі Катрин Колонна.
Бұған дейін Молдованың электр энергиясына деген қажеттілігінің 30 пайызын Украина қамтамасыз еткен, ал қалған 70 пайызы Ресей әскерлері орналасқан бытыраңқы Приднестровьедегі жылу электр станциясынан келген. Алайда Ресейдің Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына әсер етуіне байланысты, ол жақтан Молдоваға жеткізілім тоқтап қалды.
Үкімет энергияны үнемдеу шараларын қабылдады. Сонымен қатар Румыния көмек көрсетті, ол Молдоваға газ бен электр қуатын төмендетілген бағамен сата бастады. Бірақ бұл да жеткіліксіз болып отыр.