Теріскей тұрғыны түрлі құстарды өсірумен айналысады
Құсшының коллекциясында қырғауылдың, көгершіндердің бірнеше түрі бар
Солтүстік Қазақстан тұрғыны Александр Рожков оннан астам құс түрін өсіреді. Қызылжар ауданы Архангельское ауылы тұрғынының ауласында тауыс, қырғауыл мен көгершіндердің түр-түрін көруге болады. 12 жыл бұрын физика пәнінің мұғалімі кәсібін сүйікті ісіне айырбастаған. Құсшының зообағында Azattyq Ruhy тілшісі саяхатап қайтқан еді.
ҚҰСТЫҢ ЕҢ АРЗАНЫН 10, ЕҢ ҚЫМБАТЫН 250 МЫҢ ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ
Александр Рожков қанаттылардың қыр-сырын бес саусақтай біледі. Күтімі келіскендіктен Отаны Африка мен Оңтүстік Азия елдері саналатын тауыстар Қызылжардың қытымыр табиғатына тез үйреніскен. Тіпті жұмыртқа салып, ұя басады. Ал кейбірінің жұмыртқасын шығаруға арнайы инкубаторлар пайдаланылады. Былтыр осы әдіспен тауыс балапандарын шығарған.
«Менің коллекциямдағы сары қырғауылдан негізінен Қытайдың таулы аймақтарында тіршілік етеді. Оны лимон түстес қырғауыл деп те атайды. Әдемілігімен көз тартады. Қазір ең үлкендерінің жасы екіде. Ол азық талғамай, жей береді. Ал жаңа ортаға тез бейімделеді. Әр құстың қоректенетін өз жемі бар. Жылдың әр маусымына қарай оның құрамы да өзгеріп отырады. Азығы келіссе, құстар жақсы өседі. Бәрі күтімге байланысты. Бастапқыда кейбір құстардың өліп қалған кезі де болды. Қазір ойлап отырсам, соның барлығы менің білімімнің аздығынан болған. Сондықтан құс өсірумен айналысқысы келгендерге барлығына сабырмен қарауға кеңес берер едім. Бәрі бірден біз ойлағандай бола бермейді», - дейді Александр Рожков.
Құсшының коллекциясында қырғауылдардың бірнеше түрі бар. Ең арзанын 10, ең қымбатын 250 мың теңгеге сатып алған. Сауданы көбіне интернет арқылы жасайтынын айтады. Ал құстарға арналған торларды өзі істейді.
«Құстардың ең қымбаттарының бірі - құлақты көк қырғауыл. Ол басқалары сияқты агрессия танытпайды. Жеміс-көкөніс қалдықтарын жақсы көреді. Қыстың суығында тоңбайды. Құстарды өсіру үшін көп білім керек. Үнемі түрлі әдебиеттер оқимын. Бұл - менің сүйікті ісім. Әрі күні бойы қозғаласың. Денсаулыққа да өте пайдалы. Кейде әйелім қарсылық танытады. Өйткені, құстарды асырауға көп қаражат кетеді. Бірақ мен оларды тастай алмаймын. Жаз бойы ара ұстап, бал жинаймын. Олар алысқа ұшып кетпеуі үшін бақшаны түрлі гүлдер мен жеміс егіп қоямын. Мәселен, сәбіз, картоп жесек, өнімін өзіміз жеп, сабағын құстарға беремін. Ештеңені қоқысқа тастамаймыз деуге болады. Табиғатты жақсы көремін. Арасында әйеліме отбасылық бизнесті жүргізуге қолқабыс етемін. Ауылда шағын азық-түлік дүкендерін ұстаймыз», - дейі құсшы.
Александр Викторовичтің негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі. Бір кездері фотосуреттер түсірумен де әуестенген. Құстарға деген қызығушылығы бәрінен басым болып шықты. Болашақта ауласындағы құстардың түрлерін арттыра түспек. Ауыл тұрғыны өзін қанатты достарынсыз елестете алмайды.
ҚАЛА ӨМІРІН САЯЖАЙҒА АЙЫРБАСТАҒАН ИРИНА ДА ЭКЗОТИКАЛЫҚ ҚҰСТАРДЫ ӨСІРЕДІ
Солтүстік Қазақстан облысында ерекше құстарды өсірумен айналысатын тағы бір тұрғын бар. Петропавлдық Ирина Фишбук карантин кезінде қаладағы пәтерде қамалып отырудан жалығып, саяжайға көшіп кеткен. Өзіне түрлі құстарды ермек етіп, өсіре бастайды. Қазір Иринаның қалалық өмірге оралғысы жоқ.
«Ер жеткен соң саяжай сатып алуды армандадым. Бірақ көпке дейін мұндай қадамға батылым бармай жүрді. Үнемі саяжай күтіміне уақытып жетпей ме деп қорқатынмын. Өзім өте белсенді өмір салтына үйренгенмін. Жұмыста көп уақыт өткіземін. Егер карантин болмаса, онда саяжай алу туралы жоспарымды әлі де кейінге қалдырып келетін едім. Локдаун жарияланды, жұмыс тоқтады, барлық телефондар үнсіз қалды, біз төрт қабырғаға қамалып қалдық, осының бәрі мені арманымды жүзеге асыруға итермеледі. Сондықтан 2020 жылы мен жер үй сатып алдым, - деді Ирина Фишбух.
Жаңа баспанасын жөндегенен кейін Иринаға түрлі құстар сатып алу жайында идея келеді. Жарнамалық сайттарды ақтарған ол, қарапайым тауық, үйрек-қаз емес, экзотикалық құстарды іздейді. Алматыдан жеткізілген қанаттылар да бар.
«Ол кезде құс ұсайтытын қора да болған жоқ. Соған қарамастан бірнеше экзотикалық тауық сатып алдым. Оларды үйге әкелдім, торлар төбеге дейін тұрды. Шынымды айтсам, бұл көрініс қорқынышты еді. Оны ешкімге қайталауға кеңес бермеймін. Бастапқы ойымнан айтып қала жаздадым. Жағалай шашылған қоқыс, қауырсындар, жағымсыз иіс, үнемі у-шу. Жұмысшылар тауық қорасын салғанша тауықтар 1 жарым ай үйде тұрды. Оларды өз торларына көшіру – мен үшін үлкен мереке болды», - дейді Ирина.
Иринаның ауласында тауықтардың 10-нан астам түрі бар. Әрқайсысы мінез-құлқы, сыртқы түрімен ерекшеленеді. Кәсіпкердің қала сыртына қоныс аударғанына екі жылдан асқан. Қазір уақытының басым бөлігін жұмысына емес, қанатты достарын күтуге арнайтынын айтады. Сонымен қатар әлеуметтікт желіде парақша жүргізіп, оқырмандарына үй құстарының күтімі мен ауласында болып жатқан жаңалықтарды баяндайды.