Сайлау кезінде жастар арасындағы азаматтық жауапкершілікті күшейтуіміз керек - саясаттанушы
Сайлау басталғалы еліміздің қоғам белсенділері мен саясаттанушылар биылғы саяси додаға қатысты түрлі пікірлерін білдіріп жатыр

Саясаттанушы Мақсат Жақаудың айтуынша, жыл басында елімізде болған және қазіргі әлемдегі геосаяси шиеленістерді ескерсек, президенттің жеті жылға сайлануы ең тиімді мерзім.
«Осы жылдың басынан бастап болған түрлі оқиғалар мен геосаяси мәселелерді ескеретін болсақ, сөзсіз бұл жерде мықты биліктің күші қажет болады. Ал оның күші қолданылатын механизмдері мен бағдарламаларында. Ал ұсынылып отырған кандидаттардың бағдарламалары, оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында ауқымды мақсаттар бар. Сондықтан да оның бәрін іске асыру үшін 7 жылдық мерзім әбден керек. Себебі 5 жылдың ішінде барлығын түгелдей жүзеге асыру жеткіліксіз мерзім», - дейді ол.
Сонымен қатар, Мақсат Жақау биылғы сайлаудағы жастардың белсенділіне де жақсы бағасын берді. Айтуынша, мұндай өзгеріс олардың азаматтық жауапкершілігін нығайта түседі.
«Біріншіден, қызығушылық бар. Мен оны байқадым. Бұл байқаушылардың құрамында жастардың көптеп болуымен байланысты деп ойлаймын. Мәселен, біз салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2011 жылы 24 мың бақылаушы болса, 2019 жылы олардың саны 79 мыңды құрады. Ал биыл жастар бақылаушылардың өз құрамын жасақтап, оларды үйретіп, осы сайлау науқанына бақылаушы ретінде қатыстырып жатыр. Олардың жұмыстарына баға беруге асықпайық. Себебі сайлау әлі біткен жоқ. Екіншіден, сайлау демократия бағытындағы ең маңызды құрал. Оған қатысып жүрген бақылаушылар ондағы азаматтық жауапкершілікті жақсы сезінеді. Сол үшін әрбір сайлауда жастардың дауыс берудегі үлесін арттырып, олардың азаматтық жауапкершіліктерін күшейтуіміз керек», - деді Мақсат Жақау.