Семей жұртшылығы президент сайлауында белсенді түрде дауыс беріп жатыр
Биыл алғаш рет дауыс бергендерге сыйлықтар қарастырылды

Семейде таңғы сағат 7.00-ден бастап барлық сайлау учаскесінде президенттік сайлау басталды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Биыл алғаш рет дауыс бергендерге сыйлықтар қарастырылды. Сайлау учаскесі университет базасында болғандықтан, біз Абай мен Шәкәрім кітаптары түрінде сыйлық жасауды шештік. Осындай сыйлықты алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесіне келген әжей алды. Біздің учаскеде жылдан жылға дауыс беретіндер де сыйлық алды», - дейді сайлау учаскесінің төрағасы Серік Түсіпов.
Алғашқылардың бірі болып өз таңдауын Светлана Пономарева жасады. Цемент зауытында жұмыс істейтін Светлана – «Құрмет» орденінің иегері. Оның айтуынша, сайлауға қатысу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
«Барлық семейлік тұрғынды мерекемен, Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күнімен құттықтағым келеді. Мен жұртшылықты сайлау құқығын жүзеге асыруға шақырғым келеді. Біз халық үшін, жайлылық үшін, бейбітшілік пен тыныштық үшін идеяларды насихаттауымыз керек. Сайлау – әрбір азаматтың өз таңдауын жасауға құқылы екенін көрсетеді», - дейді Светлана Пономарева.