Алматы жастарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл бағдарлама арқылы жастар 5 пайызбен үй ала алады

Фото: ашық дереккөзден

Жұмыс істейтін жастарға арналған жаңа «Алматы жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы есеп беру барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бағдарлама жастарға 5 пайызбен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді, Аzattyq-ruhy деп хабарлады  тілшісі.

«10% алғашқы жарна салып, жылына 5 пайызбен,13 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Қарыз 3 жылдан 20 жылға дейін беріледі. Бұл бағдарламаға бюджеттен 10 млрд теңге, Тұрғынүйқұрылысжинақбанк қаражатынан 3 млрд теңге бөлінеді», - деді қала әкімі.

«Алматы жастары 3.0» бағдарламасы арқылы жаңа тұрғын үй де, екінші деңгейлі пәтер де алуға болады. Бағдарлама бюджеттік салада жұмыс істейтін жас қызметкерлерге, яғни, дәрігерлерге, мұғалімдерге, ЖОО оқытушыларына, мәдениет, спорт, журналистика және ғылым өкілдеріне басымдық беретін болады. Бұл бағдарлама туралы шешім Жастар жылының соңында қабылданған.