БҚО-да сайлаушылардың 54,62%-ы бюллетень алды
Орал тұрғыны ҚР президент сайлауына дауыс беру үшін сайлау учаскесіне таңғы сағат бесте келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
№465 сайлау учаскесінің төрайымы Әсем Бақытжанованың айтуынша, сайлаушылардың ең алғашқысы таңғы 5.00 шамасында-ақ келіп алған.
«Мен бұл сайлау учаскесіне алғаш рет төраға ретінде келіп отырмын. Таңғы сағат 5.00 шамасында біздің учаскемізге дауыс беру үшін бір адам келгенде қатты таңқалдым. Ол күзетшімен бірге учаскенің ашылуын күтіп отырды. Бақылаушылар сайлау басталардан бір сағат бұрын келді. Бірақ ережеге сәйкес, алдымен олар барлық кабинаны, қоқыс жәшіктерін тексерді, алаңды дайындады. Одан кейін тура сағат 7.00-де әнұран шырқалды, артынша біздің бірінші сайлаушымыз да өз дауысын берді. Біз оған сыйлық бердік. Белгілі болғандай, ол жалғызбасты адам екен, үнемі осылай бірінші болып дауыс беруге келетін болып шықты. Учаскемізде ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Халық көтеріңкі көңіл күймен келіп жатыр. Алғашқы болып дауыс бергендерге сыйлық тараттық», – дейді Әсем Бақытжанова.
Айта кетсек, бүгін, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Республика бойынша барлығы 10 101 сайлау учаскесі бар. Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде 53 шет мемлекетте 68 учаскелік комиссия құрылды.
Сайлау құқығына ие азаматтардың тізіміне барлығы 11 950 485 адам енгізілген.
Сағат 16.05-тегі жағдай бойынша тізімге енген азаматтардың жалпы санының 62,34%-ы, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлаушылардың 54,62%-ы бюллетень алған.