СҚО-да бір отбасынан 20 адам сайлауға қатысты
Бәйтерек ауылының тұрғындары сайлауға белсене қатысты
Солтүстік Қазақстан облысынды бір отбасынан 20 адам дауыс берді. Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының үлкені Гүлсім Мырзақұлованың жасы 91-де. 12 құрсақ көтерген әже балаларынан 45 немере, 125 шөбере мен 4 шөпшек сүйіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мырзақұловтар 10 жыл бұрын Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған. Қазір 15 шаңырақ болып түтін түтетіп отыр. Әулетте мұғалім, дәрігер, бағбан, кәсіпкер, есепші, әскерилер мен қолөнер шеберлері бар. Үлкен отбасы кез келген істі бірге атқаруды дәстүрге айналдырған. Дауыс беруге де тайлы тұяғы қалмай келді.
«Өзбекстанда жағдайымыз жаман болған жоқ. Балаларым өзге ұлт өкілдерімен араласып кетпесін, қазақ болсын, тілін, ділін ұмытпасын деп, Қазақстанға көшіп келдік. Қазір 15 отбасы болып отырмыз. Сайлаудан ешқашан қалған емеспін. Балаларым көлікпен алып келіп, үйге апарады. Қазақстан дами берсін, балаларымыз жақсы білім алсын, өсіп-өркендесін деген ниетпен өз таңдауымды жасадым. Жасым 90-нан асты. Бәлкім әлі де жасармын. Алланың бергенін көреміз. Сайланатын Президентке менің жасымды берсін деп тілеймін. Жастар аман болсын», - дейді Гүлсім Әжей.
Қарт тұрғынды сайлау учаскесінің төрағасы құттықтап, сыйлық табыс етті. Бұл күні Гүлсім әжейдің немересі Дәулеткерей Сатыбалдиев да тарту-таралғыға ие болды. Ол бірінші рет дауыс берді. Ал бірер күннен кейін Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады.
«Кейбіреуі бір адамның даусы ештеңе шешпейді деп ойлайды. Мен онымен келіспеймін. Себебі әр азамат өз үлесін қосуы керек. Мен де бүгін өзім таңдаған кандидатқа дауысымды бердім. Бір парақ қағазға бір ғана белгі қоясың. Алайда оның қандай жауапкершілік екенін сезінгенде іштей толқыныс болады екен», - дейді Дәулеткерей.
Бәйтерек ауылының тұрғындары сайлауға белсене қатысты. Күннің бірінші жартысында сайлаушылардың жартысынан көбі өз таңдауларын жасап үлгерді.