Екі күн бұрын 18 жасқа толған студент сайлауда дауыс берді
Ол еліміздің маңызды саяси науқанына жауапкершілікпен қарайтынын айтты
Елдегі ең жас сайулаушы өз таңдауын жасады. Диана Сүйдутова алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Диана Сәрсенбайқызының осыдан екі күн бұрын ғана 18 жасқа толған. Сондықтан да ол аудандағы ғана емес, елдегі ең жас сайлаушы болып тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз елімнің болашағы үшін дауыс беруге келдім. Мұның өзі ел үшін маңызды іске қосқан үлес деп білемін. Өзімді жауапты тұлға ретінде сезіндім. Таңдауым болашақ тағдырыма тікелей әсер етеді. Ол барлығымызға байланысты», - деді студент.
Ол еліміздің маңызды саяси науқанына жауапкершілікпен қарайтыны жайында пікірін білдірді.
Бүгін ол алғаш рет сайлау бюллетенін алып қана қоймай, естелік сыйлыққа ие болды. Диана сайлауға отбасымен келген. Талдықорғанда жоғары білім алып жатқан Диана – үйінің тұңғышы. Анасы Гүлназ Шакенованың 14 баласы бар.
«Сайлауға балаларыммен барып, белсенді қатыстық. Елін сүйген азаматтардың барлығы дауыс береді деп есептеймін», - деді көпбалалы ана.