10 мыңға жуық алматылық қаралып жүрген емханасын ауыстырған
Дәстүрлі тіркеу науқаны қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында өтті
Қазақстанда жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Биылғы кампания барысында оңтүстік астанада таңдау құқығын 10 мыңға жуық адам пайдаланды. Бұл туралы Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының төрағасы Иран Шәметеков мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Емхана ауыстыру туралы өтініштер egov.kz электронды үкімет порталы арқылы қабылданды.
«Қазақстандықтар тіркелген емханадан консультативтік-диагностикалық қызметтерге, жоспарлы стационарлық көмекке, салалық мамандардың консультациясына жолдама алып, медициналық көмектің басқа да түрлерін пайдалана алады. Соңғы жылдары тұрғындардың денсаулық мәселесіне немқұрайлылық танытпай, осындай шараларға белсенді қатысатыны қуантады», - деді Иран Шәметеков.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 86 емхана қатысқан.
«Биыл Алматы қаласы бойынша 73 емхана Қормен жұмыс істейді. Олардың бәрі тіркелген контингентіне қызмет көрсетіп келеді. Биылғы кампанияға жаңадан 13 медицина ұйымы қатысты. Оның тек 3-еуі ғана халықты тиісті мөлшерде тіркеп үлгерген», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Естеріңізге сала кетсек, таңдау құқығын пайдаланған азаматтар жаңа емхана қызметіне 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап жүгіне алады. Оған дейін өзінің тіркелген соңғы емханасына қарала тұрады. Ал, таңдау жасап үлгермегендер емхананы кампаниядан тыс уақытта да ауыстыра алады. Атап айтқанда, басқа жерге қоныс аударғанда немесе емхана жабылып қалса, өзге клиникаға тіркелуге болады. Сонымен қатар, әр тұрғынның емхананы жылына бір рет еркін таңдау құқығы да бар.