Айдос Ербосынұлының денсаулығына қатысты ақпарат тарады
Ол екі апта бұрын ауыр нокаутпен жеңілген соң медикаментозды жағдайда ауруханаға жеткізілген

ESPN телеарнасының сарапшысы және АҚШ-тағы бокстың белгілі шолушыларының бірі Дэн Рафаэль қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлының (16-1, 11 КО) жағдайы туралы жағымды ақпарат жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Ол өз дереккөздеріне сүйене отырып, Ермосынұлының нокаутпен ауыр жеңілгеннен кейін медициналық комадан шыққанын және жағдайының жақсарғанын атап өтті.
Жекпе-жектен кейін екі апта өткенде қазақстандық боксшының жағдайы тәуір болып қалғаны айтылды. Дэн Рафаэльдің айтуынша, Айдос сөйлей алатын және белгілі бір күйде жүре алатын болды.
Айта кетейік, отандасымыз кубалық Давид Моррелден жеңілгеннен кейін Хеннепин округінің медициналық орталығына дәрігерлік тексеру жасау үшін алып кеткен, боксшы ауруханаға миына қан кеткен соң медикаментозды жағдайда жеткізілген.