$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Домбыра мен балалайка: елордада кәсіби музыканттар ерекше ойын өткізді

Қазір ұлттық аспапта заманға сай әндерді орындау трендке айналды десе болады

Azattyq Ruhy редакциясы елордалық сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде ерекше ойын өтті. Екі кәсіби музыкант өтіп бара жатқан қарапайым жұртқа танымал шығармаларды тыңдауды ұсынды. Яғни олар аспапта орындалған туындының атауын табуы керек. Оның басты ерекшелігі – орыс халқының аспабы балалайкада қазақ әуені ойналса, домбырада орыс музыкасы шырқалды.

Орыс ұлтының үш шекті музыкалық аспабынан қазақ күйлерін орындаған Никита Моканға көпшіліктің ықыласы ерекше болды. Кейбірі қазақ әуенін бірінші нотадан тауып, қосыла шырқаса, енді бірі әннің музыкасын білгенімен авторы мен атын есіне түсіре алмады.

Никита – кәсіби музыкант. Көне аспапта қазіргі заманғы өлеңдерді орындайтын ол бүгінге дейін түрлі танымал музыкалық жарыстарда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленген.

«Балалайкада заманауи әндердің орындалғаны өзіме де, тыңдармандарға ерекше болып көрінді. Әлеуметтік желіде де жұрт жақсы қабылдады. Көбісі балалайкада Калинканы ғана ойнауға болады деп ойлайды, бірақ бұл аспаптың өзге де түрлі әуендерді орындауға мүмкіндігі бар. Мен соны көрсеткім келді. Мәскеуден келгеніме көп уақыт болған жоқ. Қазақстанға келе сала, қазақ халқының ұлттық әуендерін үйреніп, балалайкада орындай бастадым», - дейді Никита Мокан.

Ал қазақтың ұлттық аспабында өнер көрсеткен екінші музыкант – Ержан Токсабанов керісінше орыс әндерін жасырды. Жүргізілген тәжірибеге белсене қатысқан тұрғындар музыканттармен қоса ән шырқады. Тіпті орыс ұлтының азаматы домбырада қазақ күйін орындап берді.

Ержан домбыраны не үшін ұнататынын айтты.

«Адам ең алдымен өзі айналысатын істі жақсы көруі керек. Маған домбыра және оның үні қатты ұнайды. Домбыраны, қазақтың түрлі күйлерін, өзге де шығармаларды зерттегенді жаным сүйеді. Ал домбырада заманауи әндерді орындаудағы басты мақсат – қазіргі жастар білетін әуендердің арқасында ұлттық аспапты соларға насихаттау. Домбыраның үні ұмытылмаса екен деймін», - деді Ержан Токсабанов.

Қазір ұлттық аспапта заманға сай әндерді орындау трендке айналды десе болады. Бастысы аспаптағы ерекше туындылар тыңдармандарға ұнайды және әлеуметтік желіде үлкен танымалдылыққа ие.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#домбыра #күй