Алматыда қардың қалыңдығы 21 см-ге жетті
Қалада бір түнде 105 куб метр қар шығарылды
Алматыда кеше түсте жауып бастаған қар таң ата тоқтады. Содан бері қаланың ішінде қардың қалыңдығы 8-10 см-ге жетті. Ал тау бөктерінде – 16 см, таулы аудандарда – 21 см-ге дейін қар жауды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бүгіннен бастап қарды тазалау жұмыстары тәулік бойы арнайы кезекшілікпен жүргізіледі.
«Көктайғақтың алдын алу мақсатында 126 құмшашқыштың күшімен жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі. 17 қарашада сағат 06:00-дегі жағдай бойынша 2856 тонна пайдаланылды. Тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті және жерасты өткелдерін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Түнгі кезеңде 414 бірлік техника, оның ішінде 126 құмшашқыш, сондай-ақ 379 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Таңертең қала көшелеріне 452 бірлік техника және 1280 жол жұмысшысы шығарылды»,-деп хабарлады Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша күндізгі уақытта жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы күндіз 17 қараша – 0...+2°С.