Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары қалай оқытылады?
Бүгінде бұл курстан 40 мыңнан астам педагог өтті
Тамыз айынан бастап елімізде пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары басталды. Мұғалімдерді оқыту жұмыстарымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ айналысады.
Бүгінде орталық қанша маманды оқытты және олардың нәтижелері қандай екендігі туралы Azattyq Ruhy тілшісіне «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры Ержан Тілеубергенов айтып берді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың педагогтердің пәндік құзыреттілігін жетілдіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында және «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының «Пәндік білім беру бағдарламаларын әзірлеу туралы» бұйрығына сәйкес филиалдардың профессор-оқытушылар құрамынан пәндік бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылды.
Осы жылдың 3 мамыры мен 15 маусым аралығында EdCrunch Academy институты ұйымдастырған 160 академиялық сағат көлемін қамтитын «Практика арқылы оқыту» тақырыбындағы онлайн оқыту шарасы өтті. ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылған оқуға «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» 70 әзірлеушісі қатысты.
Курс барысында әзірлеушілер оқытудың нақты әрі күтілетін нәтижелерін анықтау дағдыларын дамытты. «Кері дизайн» принципі арқылы мамандар Білім беру әдістемесімен танысты, педагогтердің құзыреттерін пысықтау, сараланған тапсырмаларды әзірлеу, мұғалімдерді бағалау тұрғысынан білім беру бағдарламаларын құру бойынша құзыреттіліктерді арттырды.
Оқу аяқталғаннан кейін келесі бағыттар бойынша 44 білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленді. Олар: математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, орыс тілі мен орыс әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, және бастауыш білім.
«Біздің орталықта жасалатын бағдарламалардың барлығы педагогтардың қажеттілігіне сай әзірленген. Ал бұл жылы біз ол процесстерді еселеп күшейткіміз келді. Осы біздің серіктесімізбен бірлесіп, шетелдік мамандарды шақырып, солармен бірге бағдарламаның мақсаты талқыланды. Мәселен бізде «Кері дизайн» әдісі бар. Оның негізге идеясы неде дейсіз ғой? Мәселен мұғалім сабақ беру кезінде түрлі ойындарды өткізуі мүмкін. Бірақ оның қорытындысы қандай да бір мақсатқа негізделмесе, ол ойынның еш пайдасы жоқ. Ол оқушыға қызық болғанымен, пәндік құзыреттілігі жағынан оқушыны дамытпауы мүмкін. «Кері дизайнның» негізгі мақсаты – әр іс-әрекет немесе тапсырма курстың соңында «Бұл қандай қорытындыға әкеледі?» деген сұрақты туындатады. Яғни былай айтқанда - күтілетін нәтиже. Күтілетін нәтиже қандай болады, соған орай тапсырмалар әзірленеді. «Кері дизайнның» негізгі идеясы осындай», - дейді Ержан Тілеубергенов.
Педагогтердің қажеттіліктері мұғалімдердің арасында сауалнама жүргізу арқылы анықталған.
«Біз мыңдаған адамның арасында сауалнама жүргізіп, педагогтардың қажеттіліктерін анықтадық. Сондай-ақ, фокус группалар өткізілді. Онда пән мұғалімдерімен жүзбе-жүз кездесіп, олардың қажеттіліктерін сұрастырдық. Біздің пәндік курстарымыз орта буынға негізделген», - дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры.
Курста мұғалімдерді оқытатын мамандардың барлығы арнайы таңдалып алынған. Мұнда олардың арасында осалы жоқ. Сондықтан да мұғалімдердің бұл бағдарламадан жақсы білім алатынына орталықтағылар сенімді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының екі жүзден астам оқытушысы бар. Ол оқытушылар бүкіл Қазақстан бойынша әр пәнді қамтиды. Олардың басым бөлігі өзіміздің штатта жұмыс істейді. Сондай-ақ, бізде толық ставкада емес, алайда азаматтық кодекстің шеңберінде жүктеменің төрттен бір бөлігін оындайтын оқытушылар да бар. Осы орайда біз тәржірибелі, үздік оқытушыларды осы орталыққа жұмысқа шақырамыз», - дейді Ержан Тілеубергенов.
Өрлеудің курстары тек қалада ғана емес, шалғай жатқан ауыл-аймақтарды қамтиды. Сондықтан да курстардың басым бөлігі қазақ тілінде оқытылып жатыр.
«Бұл курстар офлайн форматта оқытылады. Біздің әрбір өңірде филиалымыз немесе уәкілеттеріміз бар. Мұғалімдер бағдарламаны сол филиалдың базасында оқиды. Сондай-ақ кей шалғай ауылдардың мұғалімдерді филиалға жіберуге мүмкіндіктері болмағандықтан, біз өзіміз сол ауылға немесе аудан орталығына барып, мұғалімдерді жинап, соларға курс өткіземіз. Әрине шығын болатыны анық, бірақ бастысы сапа. Сондықтан да бұл негізінен жақсы практика», - дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры Ержан Тілеубергенов.
Бұған дейін елімізде «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша білім беру үдерісіне енген жаңартылған бағдарлама енгізілді. Бағдарлама оқушының сөйлеу әрекетінің төрт түрін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған еді. Ал бүгінде мұғалімдердің пәндік біліктілігін арттыруға арналған оқу курсы әдістемеден гөрі, білімге басымырақ негізделген екен.
«Жаңартылған білім беру курсы әдістемелік тәсілге жақынырақ болып келеді. Себебі оның ішінде дифференциация, критериалды бағалау, рефлексия тәсілдері бар. Әдістемелік пен пәнді араластырып отырып, мұғалімдердің қажеттіліктерін ескеру керек. Бұл курстар мазмұн жағынан пәнге негізделген», - дейді Ержан Тілеубергенов.
Пәндік курстардың ұзақтығы 80 академиялық сағатты құрайды. Нақтырақ айтқанда оқу екі аптаға жалғасады. Қажет болған жағдайда мектеп басшылары мұғалімдерді жұмыстан босатады.
«Негізінен бұл курстар мұғалімдерге ыңғайлы болуы және оқуға кедергі жасамас үшін курсты біз тамыз айында бастадық. Осы қараша айының 18-і күні аяқталады. Курс офлайн форматта, бетбе-бет өтеді. Жалпы курсты бастамас бұрын мұғалім диагностикалық тесттен өтеді. Яғни келген бетте біз оның алдымен білім деңгейін анықтаймыз. Сұрақтар кездейсоқ тәртіппен орналастырылған, оларды ешкім алдын ала білмейді. Тестілеу «learning management system» платформасында онлайн жүргізіледі, барлық сұрақтар сол жерге жүктелген. Оқу материалдары да сол платформада. Екі апта курсты оқып аяқтағаннан кейін, мұғалім қорытынды тест тапсырады. Курсқа келетін пән мұғалімдеріне қандай да бір нақты талап қойылмайды. Жас ерекшелігі мен тәжірибесі де маңызды емес. Бастысы ол мемлекеттік мекемеде білім беруі тиіс. Әдетте бізге тізімді Білім басқармасы береді. Ал оларға мұғалімдерді тиісінше мектеп ұсынады», - дейді департамент директоры Ержан Тілеубергенов.
Бүгінде аталған курстан 40 мыңнан астам педагог өтті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры Ержан Тілеубергеновтың айтуынша, нәтижесі көңіл қуантарлық.
«Осы курстардың маңыздылығын айқындайтын статистикалық көрсеткіш бар. Бір тестте 21-22 сұрақтан болады. Мәселен диагностикалық тест пен қорытынды тесттің нәтижелеріне зер салсақ, яғни екі аптаның ішінде жалпы орта көрсеткіш бойынша 24 пайыз білім өсімін байқауға болады. Ал диагностикалық тестте аз балл жинаған мұғалімдердің курстан кейінгі білім өсімі 36 пайызды құрады. Яғни бұл курстың мақсаты орындалып жатыр деген сөз», - дейді ол.
Ұстаздардың біліктілігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар мен курстардың көп екені жасырын емес. Кейбір мұғалімдердің сертификаттарды сатып алған жағдайлары да болды.
«Кей адамдар «Пәндік курстың не қажеті бар? Мұғалім онсыз да өз пәнін біледі емес пе?» деген сияқты пікірлерін айтып жатады. Өкінішке қарай, Қазақстандағы барлық пәндік мұғалімдердің білімі жоғары деңгейде деп айту қиын. Оны нақты дәлелдейтін Ұлттық біліктілік тестілеу бағдарламасы бар. Оқу-ағарту министрлігіне сұрау жіберу арқылы әрбір өңірде осындай пәндік қажеттілігі бар қанша мұғалімдердің бар екенін анықтадық. Тест нәтижесінде пайыздық көрсеткіш бойынша Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында мұғалімдердің білім сапасы төмен болып отыр. Жақсы көрсеткішке Солтүстік және Қарағанды облыстары ие», - дейді Ержан Тілеубергенов.
Аталған курста мұғалімдердің білімін бағалау тәсілі кешенді түрде анықталады екен. Ал сертификатқа ие болған педагогтың аталған құжатты аттестациялауға пайдалануына толық құқығы бар.
«Қорытынды бағалаудың нәтижесі үш бағытты қамтиды. Негізгісі ол – тесттің нәтижесі. Одан бөлек, курсқа қатысу және курстағы белсенділік бағыттары. Міне, осы аталған үш бағытта біздің оқытушылар тыңдаушыларды, яғни мұғалімдерді бағалап отырады. Тест нәтижесі база арқылы көрінеді және ол оны тапсырушы мұғалімге ғана қолжетімді. Қалған екі бағытты осы курстың оқытушылары бағалайды. Біз осылай кешенді бағалау тәсілін қолдануды жөн көрдік. Курсты сәтті өту осы кешенді бағалаудың нәтижесінде айқындалады. Кешенді бағалау 100 баллды құрайды, оның шекті баллы – 50. Егер де педагог 50 балл жинай алмаса, онда ол сертификат ала алмайды. Ал, курсты сәтті аяқтаған мұғалімге сертификат беріледі. Ол сертификатты мұғалімдер аттестаттау барысында қолданады», - деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры Ержан Тілеубергенов.
Айжан Жанатқызы