Тоқаевтың сынынан соң Қарағанды – Балқаш жолын жөндеу жұмысы қашан аяқталмақ
Құжаттаманың дайын болуына байланысты тиісті жұмыстар кезең-кезеңмен басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айының басында Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал автожолдарында жүріп жатқан жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ИИДМ мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қарағанды – Балқаш автомобиль жолында ұзындығы 363 шақырымға жететін 8 жол учаскесінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жол құрылысы басталғаннан бері негізгі жоғарғы қабаттың 291 шақырымы, төменгі қабаттың 245 шақырымы және жол жабынының жоғарғы қабатының 7 шақырымына асфальт төселді. Асфальтбетон жабынының жаңа қабатымен жол қозғалысы 277 шақырымға қамтамасыз етіліп, жылдың соңына дейін қосымша 10 шақырым автожолды ашу жоспарланып отыр.
«Бұл орайда жол учаскелерінде жалпы ұзындығы 8 шақырым болатын 16 айналма жол қарастырылғанын айта кету керек. Жыл соңына дейін тиісті жұмыстарды аяқтап, жаңа жол жабынына байланысты қозғалыс үдерісін 13 айналма жолға ауыстыру жоспарланып отыр. Қалғандарында жол қозғалысы қамтамасыз етіледі. Осы автожолды қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023 жылдың аяғына дейін жүзеге асыру көзделіп отыр», - делінген хабарламада.
Балқаш – Бурылбайтал автомобиль жолының учаскесінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарына тоқталсақ, жобаға сәйкес мұнда 288 шақырымның 6 учаскесінде жол жабынын төсеу жүргізіліп жатыр. Жаңа асфальтбетонмен жол қозғалысы 161 шақырым жерге қамтамасыз етілген. Аталған жобаны соңына дейін жеткізу 2023 жылдың соңына межеленіп отыр.
Жезқазған – Қарағанды автомобиль жолы бойынша қазір 513 шақырымға жобалық-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл жоба 12 учаскеге бөлінген. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Құжаттаманың дайын болуына байланысты тиісті жұмыстар кезең-кезеңмен басталады.