Шымкентте «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы баспаналарды несиелік негізде рәсімдеу жүріп жатыр
Бүгінде пилоттық бағдарлама аясында 613 азамат Отбасы банк арқылы ипотекалық несие рәсімдеген
Шымкент қаласында «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы аясындағы баспаналарды банк арқылы несиелік негізде рәсімдеулер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Нұрлы көш" пилоттық бағдарламасы арқылы алған баспанасын бүгінде 613 азамат Отбасы банк арқылы ипотекалық несие негізінде рәсімдеп, бағдарламаның талап шартын орындады. Аталған тұрғын үйлер Асар шағын ауданында орналасқан. Ондағы 975 тұрғын үй «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы аясындағы баспаналар болып табылады. Бұл тұрғын үйлер 2010-2012 жылдар аралығында бағдарлама шеңберінде Асар шағын ауданында Өзбекстан елінен келген қандастарға сатып алу құқығымен 8 жылға жалға берілген болатын. «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы аясындағы баспаналарды тұрғындар банк арқылы несиелік негізде рәсімдеулері қажет.
Алдағы уақытта бекітілген іс-шаралар жоспары аясында, «Отбасы банк» АҚ ШҚФ, Қаратау ауданы әкімі аппараты, «Ел-Аманаты» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстарды одан әрі жандандыру көзделіп жатыр.