Ақсу тұрғыны полицейлерді есірткі сатты деп айыптады
Жәбірленушіні бопсалағандар уақытша ұстау изоляторына қамалды

Павлодар облысының полиция департаменті 26 жастағы Ақсу тұрғынының өтінішімен бопсалау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Мәселенің мәнісі мынада. Бұған дейін желіде жәбірленушінің полиция қызметкерлерін есірткі сатты деп айыптаған видеосы тараған болатын.
11 қарашада жәбірленуші өзі полицияға келіп, бұрынғы таныстарының бұдан ақша талап еткенін, оған тиесілі автокөлікті алып қойғанын және оны бопсалау мақсатында полиция қызметкерлеріне қатысты видео жазуға мәжбүрлегенін айтып шағымданды.
Ол аталмыш таныстарының талабын орындаудан бас тартқан кезде олар видеоны жариялап жіберген.
«Осы қылмысты жасады деген күдікпен Ақсу қаласының жұмыссыз тұрғындары (1989, 1994, 1995 жылы туған) анықталып, Павлодар қаласының уақытша изоляторына қамалды. Нәтижесі бойынша әрбір қатысушының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі», - дейді Павлодар облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Берік Оралов.