Риддерде оқушылар дүйсенбіден бастап мектепке барып оқиды
Олар төтенше жағдайға байланысты 11 қарашаға дейін қашықтан оқыған болатын

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының оқушылары дүйсенбіден бастап мектепке барып оқиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Риддердегі төтенше жағдай бойынша құрылған жедел штабтың мәліметіне сәйкес, 12 қарашада жылу электр орталығындағы жағдай тұрақты.
«Қазіргі уақытта орталықтағы үш орташа және бір жоғары қысымды қазандық жұмыс істеп тұр. Қалаға жіберілген жылу температурасы 63 градус. Мектептер мен балабақшалардың жұмысы туралы мәселе шешілді. Дүйсенбіден бастап білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істейді», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды. Төтенше жағдайға байланысты қаладағы мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқыды.