БҚО-да жанармай қоры 10 күнге ғана жетеді
Аймаққа сұйық отын Атырау мен Ақтөбе облыстарынан жеткізіледі
БҚО-да жанармай қоры 10 күнге ғана жетеді. Десе де мамандар тауар мөлшерін күн сайын толықтырып, дәл осы көлемді ұстап тұруға мүмкіндік барын айтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Аймаққа сұйық отын Атырау мен Ақтөбе облыстарынан жеткізіледі. Өңірде АИ-92 бензинінің айлық қажеттілігі – 15 мың тонна, ал дизель – 20 мың тонна. Әзірге жанармай бекеттерінде отын тапшылығы жоқ. Тек облыс орталығынан шалғай жатқан аудандарға тауар тасымалы жолдың нашарлығынан қиындағаны байқалады. Мәселен, 700 шақырым қашықтықта орналасқан Жәнібек ауданында бірнеше күн бойы бензин тапшы болды.
«Иә, мұндай жағдай, жасыратыны жоқ, болған болатын. Жаңбыр жаууына байланысты, жолда үлкен грузбен баратын болғасын камаздар жол жүре алмады. Қазіргі уақытта осы жұманың басынан бастап аталған аудандарға жанар-жағармай түгелдей жеткізіліп, қамтамасыз етіліп отыр»,- деді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Миржан Нұртазиев.