«Адал сөз бен тұғырлы тіл тұлғасы»: Ақтөбеде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Конференция А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылды
Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттың ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Адал сөз бен тұғырлы тіл тұлғасы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Конференцияның мақсаты – қазақ халқының қамын жеп, тіл тағдырына алаңдаған, сол үшін күресіп, аянбай тер төккен Алаш арыстарының бірі, ұлт ұстазы, қазақ әліпбиінің негізін салған Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау. Қазақ еліне деген құрметін күшейту, жас ұрпақтың ұлттық, патриоттық санасын ояту, тың ақпараттармен бөлісу.
Аталмыш конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Назира Әміржанова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы редакциялық баспа басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Сабира Исакова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің PhD докторанты, қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы Гүлнәр Обаева баяндама жасады.
Конференцияға өңіріміздің жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, білім беру саласының мамандары қатысты. Сондай-ақ конференция қатысушыларының көбі студенттер, әсіресе жастар болды. Олар өз кезегінде баяндамаларды тыңдап қана қоймай, қазіргі таңда күнделікті ауызекі тілде кездесіп жүрген түйткілді мәселелерді ортаға салып, сұрақтарына жауап алды.
Конференцияның пленарлық отырысында «Алаш қозғалысының және қазақ руханиятының көсемі», «А.Байтұрсынұлы және қазақ терминологиясы», «Ахмет және ұлт мәдениеті», «Қазақ жазуының ұлы реформаторы», «А.Байтұрсынұлының әдеби мұрасы» тақырыптары қозғалды.
Конференцияның жалғасы «Әлеуметтік желідегі қазақша контентті дамыту», «А.Байтұрсынұлының мұралары», «Көрнекі ақпарат және жарнамадағы мемлекеттік тіл» тақырыптарындағы секциялық отырыстармен жалғасты. Конференцияға қатысушылар өзін қызықтырған тақырып бойынша секцияларға бөлінді.
Конференция соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды. Сонымен қатар қатысушыларға «Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ тарапынан 100-ге жуық А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабы, конференция бағдарламасы және үлестірмелі материалдар таратылды.