Цифрлық теңге жобасы азаматтардан инвестиция тартпайды
Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚҰБ Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңге жобасына инвестиция» салуға жарнамалайтын алаяқтардың сайттары пайда болғанын ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Цифрлық теңге» жобасы азаматтардан инвестиция тартпайды. Ол төлемдер мен ақша аударымдары саласында Қазақстанның ұлттық валютасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
"Цифрлық теңге қазір әзірлеу және сынақтан өткізу кезеңінен өтіп жатыр. Жоспар бойынша ұлттық цифрлық валютаны енгізуге қатысты түпкілікті шешім осы жылдың соңына дейін қабылданады.
Азаматтардың жеке деректері мен қаражатын қолды қылу үшін алаяқтар Цифрлық теңге жобасы бойынша жалған веб-сайттар мен әлеуметтік желілерде парақшалар ашып жатыр. Ұлттық Банк мұндай интернет-ресурстарға сенбеуге, жеке бастың және байланыс деректері көрсетілген кез келген бланкіні толтырмауға шақырады. Егер жеке деректерді жіберіп қойған болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу керек",- деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкі.
Цифрлық теңге жобасы туралы ресми ақпаратты мына сайттардан қарауға болады:
ТҚТДО – payfintech.kz сайты, Қазақстан Ұлттық Банкі – nationalbank.kz интернет-ресурсы.
«Басқа сайттардың, соның ішінде «.kz» домендік кеңістігінен тыс тіркелген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Осыған қатысты басқа да кеңестерді Ұлттық Банктің 1477 Байланыс орталығынан алуға болады»,-делінген ҚР Ұлттық банкі таратқан хабарламада.
Орталық банктердің цифрлық валюталарды әзірлеу мәселесі жиі айтыла бастағандықтан, мұндай жалған жарнамалар шетелдік орталық банктер жасап жатқан цифрлық валюталарға қатысты алаяқтық фактілері жиілеген. Мысалы, Швеция Орталық банкінің цифрлық валютасы – e-krona, Қытай Халық банкінің – e-CNY және т.б. жобалары да алаяқтардың әрекетімен бетпе-бет келген болатын.