Қазақстанда жоспардағы 100 мың баланың орнына небәрі 1200 бала ұшақпен тегін ұшқан

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

2022 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген бағдарлама жоспардан 83 есе артта қалып отыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстандағы отбасылық туризмге арналған Kids Go Free бағдарламасы аясында 10 айдан бері небәрі 1200 бала тегін ұшақ билетін алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Парламент Мәжілісінің депутаттары бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, бағдарлама операторы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бюджеттен алған қаражатты керек емес шараларға жұмсайды деп отыр. Бір ғана бұл бағдарламаны жүзеге асыру ұлттық компания мемлекеттен 460 млн теңге көлемінде «комиссия» алады.

«Жалпы бұл бағдарлама республикалық бюджеттің қалтасына аз салмақ салып отырған жоқ. Есеп комитетінің мәліметі бойынша, 2023 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының жұмысын қамтамасыз ету үшін 1,7 млрд теңге шығын кетпек», - деді Мәжілісте бір топ депутат.

Жұмысына қыруар қаражат алып отырса да компания қазақстандықтар арасында қолдау тапқан «Kids go free» бағдарламасын дұрыс орындамай отыр. «Kids go free», яғни «балалар тегін ұшсын» деген мағынаны беретін бағдарлама 2022 жылдың қаңтарынан бастап заң бойынша жұмыс істей бастады. Әуел бастағы жоспарға сәйкес, бір жыл ішінде бағдарлама аясында 100 мың бала Қазақстан ішінде тегін ұшып, саяхаттауы керек еді.

«Бірақ бұл мәселеде де бюрократиялық шырмаулар көбейіп, «Kids go free» бағдарламасымен он айдың қорытындысы бойынша небәрі тек 1200 бала ғана әуе сапарларын тегін пайдалана алған, жоспар бойынша кемінде 100 мың баланы қамтимыз деп еді. Баланың ұшу билеті қайтарылады дегеніміз қайда сонда?!» - дейді AMANAT фракциясының депутаты Елнұр Бейсенбаев.