Қаңтар оқиғасы бойынша 20 адам ақталып шықты: Бас прокурор Президентке есеп берді
Прокурорлардың наразылығы бойынша 866 үкім жойылып, өзгертілген
Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Президентке еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ прокуратура органдарының өткен кезеңдегі жұмыстарының қорытындысы туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысына «Қаңтар оқиғасы» бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдары мен оған қатысқандарға рақымшылық жасау мәселелері прокуратураның ерекше бақылауында тұрғаны баяндалды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыстық салада 1,8 мыңнан астам тұлғаның конституциялық құқығы қорғалғаны жөнінде айтылды. Прокурорлардың наразылығы бойынша 866 үкім жойылып, өзгертілді. 183 сотталушының жағдайы жақсартылды, 20 адам ақталды. Бизнесті қорғау саласында 145 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді», - делінген хабарламада.
Берік Асыловтың айтуынша, жер қойнауын пайдалану мен автомобиль жолдары салаларында жүйелі заң бұзу фактілері анықталды.
«Индустрия министрлігі кен өндіруге дайын тұрған 144 кен орнын барлауға келісімшарттар берген. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылар бюджетке міндетті 96 миллиард теңге төлемегені анықталды», - делінген хабарламада.
Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының аясында мемлекетке жылжымайтын мүлік объектілері, жер учаскелері және басқа да мүлік қайтарылды.
«Прокурорлардың актілеріне сәйкес, құны 43 миллиард теңгені құрайтын заңсыз берілген және мақсатына пайдаланылмаған 7,3 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Соның ішінде, олигополия меншігіндегі құны 6 миллиард теңге болатын 140 мың гектар жер қайтарылды. Жуық арада олигополия субъектілерінің меншігінде болған 160 мың гектар жер қайтарылады», - делінген хабарламада.