Мобилизациямен шақырылғандарды екі апталық жаттығудан соң майдан шебіне жіберген
Ресейлік әйелдер Украина шекарасына ағыла бастады. Мобилизацияланғандардың туыстары ер-азаматтарын өрт ошағынан шығаруды талап етуге кірісті. Олар Украинамен шекаралас Белгород облысының Валуйки қаласына жиналған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Әйелдер Луганск облысындағы Сватово аймағындағы соғыс алаңынан жақындарын шұғыл түрде шығаруды талап етеді. Мобилизациядан соң бірден ауыр шайқастың ортасына түскен ресейлік әскер жанұяларына хабарласып, құтқару көмегін сұраған.
Өткен демалыс күндері Сватово мен Макеевка ауданында ішінара мобилизация бойынша әскерге алынғандардың жаппай қырылуы, ауыр жарақат алғандары туралы хабарламалар тараған еді.
Туыстарының айтуынша, қазан айында Курск облысынан кем дегенде 1 мың ер адам әскерге шақырылған. Екі апталық жаттығудан соң оларды майдан шебіне жіберген. Ал әскери бөлімнің басшылары жаңадан келген сарбаздар майдан шебінде емес, екінші немесе үшінші қорғаныс шебінде болатынын айтқанымен, оған әйелдер сенбейді.
«Оларды Харьковтан Макеевке дейінгі аралыққа шашыратып жіберген», - дейді ішінара жұмылдыру бойынша соғысқа кеткен Сергейдің әйелі Екатерина (есімдері өзгертілген).
Соғысқа алынғанға дейін 30 жастағы Сергей жүргізуші болған.
Кэтрин күйеуімен 1 қарашада, ол әлі «оқуда» болған кезде сөйлескен. Ал 7 қарашада күйеуінен бірнеше жүз адамнан тұратын отрядтағы сарбаздардың ауыр шығынға ұшырағанын естіген.
«Күйеуім кеше қоңырау шалды, олар майданнан қашып, кейбір ауылға жасырынып, сол жерден шыға алмай отырғандарын айтты. Өйткені оларды ресейлік тосқауыл постындағылар жібермейді. Оларға бірден атып тастау қаупі төніп тұр. Оларды қорлап, ұрып-соғу жағдайлары да жиіліген», - дейді Кэтрин.
150 адамға бір ұялы телефон берілгендіктен, әр сарбаз туыстарына 1,5 минутқа қоңырау шала алады. Ішінара жұмылдыру бұйрығымен әскерге алынғандар жақындарынан өздерін құтқарудың жолын қарастыруды өтінген.
«Мен әзірге тірімін» деді күйеуім. Оларды басшылары тастап кеткен. Олар соңғы рет үш күн бұрын су ішкенін айтты. Тамақ та, су да жоқ, ештеңе де жоқ және олар сол жерден шығарылмайды. Біз қолымыздан келетін барлық инстанцияға жүгінеміз, хат жазып жатырмыз. Екінші күн өтті, ешкім жауап бермейді», - дейді жианлған әйелдердің бірі.
Украинамен шекаралас аймаққа 100 шақты әйел барған. Әйелдердің айтуынша, күйеулері мен ұлдары майдан шебінен шығаруды әскери қолбасшылықтан ашық талап ете алмайды. Ондай жағдайда дайындықсыз соғысқа барған сарбаздар «қашқын» деген атаумен жазаланады.