Өткен жылы ұлттық компанияға қарайтын тас жолдар бойында 5300-ден аса жолаушы көлік апатына ұшырап, 1019 адам қайтыс болған
Республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда көлік апаты 18,6% өссе, адам өлімі 26,3% артқан. 2019 жылы ұлттық компанияға қарайтын тас жолдардың бойында 5330 жолаушы көлік апатына ұшыраса, олардың 1019 мезгілінен бұрын қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
4311 адам түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алыпты. Ұлттық компания қызмет көрсететін автожолдардағы апаттың көбейіп кетуіне жүргізушілердің жауапсыздығы себеп болған. Мәселен, орын алған 2547 апаттың 33,6% жылдамдықты тым асырып жіберу салдарынан орын алған көрінеді.
«2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы өлім-жітім саны 26,3% -ға, жарақат алғандар 22,1% -ға өсті. Апаттың 14,1% қарсы жолға шығып кетуден, 9,5% - жүргізушінің рульді басқара алмауынан және 8% ара қашықтықты сақтамау салдарынан орын алған. Мас күйде көлік жүргізу де жолдардағы қайғылы жағдайдың көбеюіне себеп болған. Жұмысты шамадан тыс артық істеп, шаршап-шалдығудан тіркелген апаттардың көрсеткіші - 3,6% құрайды», - делінген ұлттық компанияның ақпаратында.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жолдағы апат көрсеткішін инвестиция тарту арқылы азайтуды жоспарлап отыр. Биыл инвестор арқылы 290 камера мен 90 арка орнату жоспарланған. Аталған камералар республикалық маңызы бар автожолдардың 32 бекетіне орнатылады. Жол үстіне жаңадан қойылатын бейнебақылау камералары жылдамдықтан бөлек ақылы автожолдардағы төлемді, жол үстіндегі жалпы қозғалысты да бақылауға мүмкіндік бермек.
Бағдарлама әкімшілік істердің бірыңғай тізіміне қосылатындықтан полицияға да ақпарат жіберіліп, ереже бұзғандарға айыппұл жазылады.
Ал 2024 жылы ақылы автожолдардағы бейнебақылау камераларының санын 600-ге жеткізу көзделген.