Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отыр – Тоқаев
Мемлекет басшысы Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отырғанын, дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кеткенін айтты
Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында Мемлекет басшысы Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылып бара жатқаны алаңдататынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отыр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан, Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс.
Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылай деген Мемлекет басшысы Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отырғанын, дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кеткеніне тоқталды.
«Өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, яғни бесінші дәрежеге жетті. Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек. Бұл істе бәрін осы өңірдегі мемлекеттердің өкілдеріне ғана жүктеп қоюға болмайды.
Сарапшылар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері де өз міндетін атқаруға тиіс. Жайықты сақтауға бәріміз күш жұмылдыруымыз керек. Экологиялық ахуалдың нашарлауы көптеген салаға кесірін тигізеді. Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, табиғатты қорғауға қатысты кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек. Өзеннің аңғарын түгел тексеріп, ондағы нысандардың заңдылығын мұқият қарау қажет. Жайық өзенінің бойын тазалап, экожүйені қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бұл – облыс әкімінің және Үкіметтің тікелей міндеті», - деді ол.