Риддер ЖЭО-ы коммуналдық меншікке қайтарылуы мүмкін
Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді

ШҚО әкімі Даниал Ахметов апат салдарынан қала тұрғындарын жылусыз қалдырған Риддер жылу электр орталығын қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен «Риддер ЖЭО» - да болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабқа басшылық етіп, барлық жағдай өзімнің жеке бақылауымда. Осы мақсатта қазір Риддер қаласындамын. Станция басшылығы мен қызметкерлері багер сорғысының жағдайына назар аудармай, нәтижесінде оны су басты. Таңертеңгі сағат 4-ке дейін коммуналдық қызметтер сорғыны ағызып, қазір «Қазмырыш» ЖШС бригадасы жұмысты жалғастыруда», - деп жазды аймақ басшысы желідегі парақшасында.
Ахметовтың айтуынша, 9 қарашаға қарай сорғы жұмысы қалпына келтіріледі. 1 орташа қысымды қазандық жұмыс істеп тұр. Сондай - ақ, апат кезінде № 6-жоғары қысымды қазандықта фистула табылған.
«Востоквзрывпром» ЖШС-нің екі бригадасы дәнекерлеумен және жөндеу жұмыстарымен айналысады, жұмыстар 8 қарашада аяқталу керек. Осы қазандықты іске қосу үшін қажетті температуралық режимді қалпына келтіреді.
«Содан кейін біз бекітілген алгоритмге сәйкес жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырамыз. Ол үшін Өскемен кәсіпорындарынан энергетика саласындағы мамандар келді. Тұрғындар неге осындай жағдай орын алды деген сауалдар қоюда. Өкінішке қарай, оның бір себебі - жылу көзінің басшылығы өз объектісіне немқұрайлы қарап, сапасыз және тиімсіз жөндеу жүргізді. Біздің басты міндетіміз-жылумен жабдықтауды қалпына келтіру және қыс мезгілінде мұндай жағдайларды болдырмау. Әрине, біз «Риддер ЖЭО» - ны қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді Д.Ахметов.