Еліміздегі саяси бастамалар халық игілігіне жұмыс істейді – депутат
Оның айтуынша, саяси заңдардың көпшілігіне өзгеріс енгізілді
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қол қойылған конституциялық заңдар саяси жүйеге қандай өзгеріс әкелетінін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Менің ойымша, бұл – тарихи күн. Президент конституциялық заңдарға қол қойды. Заң негізінде елімізде 5 маусым күні өткен тарихи референдумның шешімдерін жүзеге асыратын тетіктер іске қосылады. Оның ішіндегі ең ауқымдысы Қазақстанда Конституциялық соттың қайта жандануы. Осы күннен бастап Қазақстанның әрбір азаматы өзінің құқығын қорғайды. Заң жобалары Конституцияны азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған тікелей заңға айналдыруға мүмкіндік береді», - деді Айдос Сарым.
Депутат атағандай, саяси заңдардың көпшілігіне өзгерістер енгізілді.
«Еліміздегі саяси реформалардың іске асырылып, демократияландыруына жол ашатын, саяси бәсекелестің мүмкіндігін арттырып, саяси партияларды тіркеуге мүмкіндік беретін, сайлау туралы заңнаманы жетілдіретін көптеген бастама өз күшіне еніп, халық игілігіне жұмыс істейтін жағдайға жетіп отырмыз. Бұл еліміздегі жаңа саяси мәдениет пен дәстүрдің қалыптасуына тікелей әсер етеді», - деді мәжілісмен.
Айта кетейік, 5 қарашада Мемлекет басшысы алты конституциялық заңға жария түрде қол қойған болатын.