Ақтөбе облысында жемқорлардан қайтарылған 197 млн теңге мектеп салуға жұмсалады
Мектеп Құмжарған ауылында салынады
Ақтөбе облысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша қыркүйекте жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кінәлі лауазымды тұлғалар 197 миллион теңге сомасында келтірілген залалды өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыс әкімдігінің келісімі бойынша Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысын аяқтауға көрсетілген соманы пайдалану туралы шешім қабылданған.
Құмжарған ауылында мектеп 2019 жылдың қаңтар айында ашылып, ескі мектепте (1974 жылы салынған) оқыған 54 отбасынан шыққан балалардың мәселесін шешу жоспарланған болатын.
Алайда, мердігер компанияның міндеттемелерін орындамауына және немқұрайлылық танытуына байланысты мектеп жұмысы іске қосылмаған.
Қазіргі уақытта нысанға жаңа мердігер тартылып, оны аяқтау үшін 150 миллион теңге бөлінеді. Өтелген ақшалай қаражаттың бір бөлігі Ақтөбе қаласының аумағында еліміздегі ең ірі workout алаңдарының бірін салу үшін пайдаланылады.
Бұл балалар арасында бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Президенттің жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша өтелген ақшалай қаражатқа мектеп салу туралы тапсырмасын орындау бойынша жұмысты жалғастыруда.