Аталған кеме 5 ақпаннан бастап карантинге жабылған еді
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі «Diamond Princess» круиздік кемесіндегі қазақстандықтармен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгінгі күні олардың жағдайы алаңдаушылық тудырмайды. Олар коронавирусты жұқтырмаған. Бірақ, соған қарамастан, біздің отандастарымыз вирусты жұқтырғанын жоққа шығару үшін арнайы тест тапсырды», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Аталған кеме 5 ақпаннан бастап карантинге жабылып, ол 19 ақпанда аяқталатыны мәлім. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, карантин аяқталғаннан кейін біздің азаматтарда вирус анықталмаса, оларды кемеден шығарады.
«Жапондық тарап круиздік кемеден шыққан кезде әр жолаушыны қайтадан қосымша тексеруді жоспарлап отыр. Біздің дипломаттардың мәліметіне сәйкес, кемеде Қазақстаннан екі әйел мен 8 және 12 жастағы екі бала бар. Олар өздерін жақсы сезініп, шағым айтқан жоқ. Біздің отандастарымыз барлық қажетті заттармен, атап айтқанда азық-түлік және медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген», - деп хабарлады министрлік өкілдері.
Министрліктің хабарлауынша, вирус анықталмаған жағдайда отандастарымыз Қазақстанға оралады деп күтілуде.