$ 526.81  542.72  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам дерек анықталады – ІІМ

Ведомство басшысы «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты

Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам дерек анықталады – ІІМ
Фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы ІІМ басшысы Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, Қазақстанда адам саудасына қатысты арнайы қылмыстық бап жоқ. Адам тәнін пайдалану мен жыныстық құлдық көптеген заң мен заңнамалық актілер бойынша реттелетіндіктен, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін азайтады.

«Қазақстанда жыл сайын адам саудасының 100-ден астам фактісі анықталады (2019 ж. – 182, 2020 ж. – 111, 2021 ж. – 103, 2022 жылдың тоғыз айында – 79). 2019 жылы адам саудасымен айналысқан екі, 2020 жылы – бір, 2021 жылы – екі, 2022 жылы – алты ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Біздің азаматтарымызды Бахрейн Корольдігіне, Оңтүстік Кореяға және басқа да елдерге эксплуатациялап жүрген арналар жойылып жатыр. Мәселен, тамыз айында Шымкент қаласында адам саудасымен, жыныстық қанаумен, жезөкшелікпен айналысатын орындар ашқан, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тартумен айналысқан, құрамында 11 адамы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Жалпы, олардың 23 қылмысқа қатыстылығы дәлелденді, 18 жәбірленуші анықталды, оның ішінде кәмелетке толмаған 6 адам бар», - деп атап өтті ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Қанат Нұрмағамбетов ҚР адам саудасымен күрес жөніндегі форумда.

Аталған іс-шара барысында сөз сөйлеген ҚР ІІМ басшысы Марат Ахметжанов бүгінгі ресми статистиканың нақты жағдайды көрсетпейтінін, расында, Қазақстанда еңбек және секс құлдығына түскендер саны әлдеқайда көп екенін, ол мәселемен ұзақ уақыт бойы ешкім айналыспағанын атап өтті.

«Дегенмен, бұл тек салдармен күрес және барлық ресми статистика «айсбергтің басы» ғана екенін мойындауымыз керек. Ашығын айтқанда, көп жылдар бойы ешкім бұл мәселемен мазмұнды және жан-жақты айналысқан жоқ. Мұндай қылмыстарға ықпал ететін шынайы себептер мен жағдайларға талдау жүргізілген жоқ. Қазір бізде адам саудасының құрбаны туралы толық мәлімет жоқ. Неліктен адам құлдыққа түседі? Оларды «тұзаққа» қалай түсіреді? Неліктен олар қашып кете алмайды? Неге өз құқықтарын білмейді, полицияға жүгінбейді? Неліктен еңбек мигранттарына құлдыққа түсіп, «көлеңкеде» жүрген тиімді? Бұл сала қашанда көлеңкелі болатындықтан, ахуал қиындай түсіп отыр. Бұл мәселеде сұрақ көп, оның барлығы шешімді қажет етеді», - деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, қазір Ішкі істер министрлігі өз жұмысын және мемлекеттік мекемелермен серіктестік қарым-қатынастарын қайта құруда.

Бүгінгі таңда Қазақстан адам құқықтары жөніндегі 60-тан астам көпжақты келісімдерге қол қойған. Оның 13-і құлдықтың қазіргі түрлеріне қарсы тұруға тікелей байланысты. Бірақ бұл саладағы қатынастар көптеген заңмен (10), мемлекеттік органдардың әртүрлі бұйрықтарымен (3) реттеледі.

«Бәрі бірінен бірі алшақ кеткен. Арнайы заң жоқ. Зардап шеккендерді айтпағанда, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің де толық құқықтық ақпараты жоқ. Жауапкершілік нақты емес. Сұрауы жоқ. Қарапапйм ғана уәкілетті органдар анықталмаған. Нақты құзырет жоқ. Алдын алу, тәуекелдерді анықтау мәселелерімен ешкім жүйелі түрде айналыспайды», - деді М. Ахметжанов.

Ол Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатқанын, сол заң арқылы құқық қорғау органдарындағы барлық «ақтаңдақ» пен «соқыр аймақтарды» жою керек екенін баса айтты.

«Заң жобасында қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан «адам саудасының құрбаны» ұғымына анықтама беру көзделген. Осылайша, жәбірленуші қажетті әлеуметтік көмек ала алады (дәрігерлік тексеру, уақытша тұрғылықты жері, негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз ету). Сондай-ақ «адам саудасының ықтимал құрбаны» түсінігі енгізілген. Бұл кәмелетке толмаған немесе кәрілік, жүктілік, психикалық ауру және басқа да жағдайларды қоса алғанда, материалдық немесе өзге де тәуелділік нәтижесінде қанау объектісіне айналуы мүмкін адам деген сөз.

Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құқықтық мәртебесі бекітіліп жатыр. Оларға осы саладағы қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпал ету құзыреті беріледі. Олардың ұсыныстары мемлекеттік жоспарда ескерілетін болады. Бұл – нақты мерзімдер, орындаушылар мен жауапкершілік», - деп нақтылады Мү Ахметжанов.

Серіктес жаңалықтары