Алматыда салықтық рақымшылыққа ілінген кәсіпкерлер 4 млрд теңге төледі
Еліміздің қаржы министрлігі бұл бағдарламаны енгізбес бұрын елде 90 мың кәсіпкер бюджетке 294 миллиард теңге салық есебінде қарыз екенін жария еткен болатын
Бір жыл бұрын Президент жария еткен салықтық амнистия бойынша, өткен тоғыз айда Алматыда салық берешегі бойынша 4 млрд теңгеден астам салық төленген. Қалалық кірістер департаментінің мәліметінше, кешірілген үстемеақылар мен айыппұлдар көлемі 803 млн теңге болыпты. Бұл бағдарламаның аяқталуына әлі 85 күн уақыт бар. Жыл соңына дейін салық бойынша негізгі қарызын өтеген шағын және орта кәсіп иелеріне рақымшылық жасау жалғасады.
Еліміздің қаржы министрлігі бұл бағдарламаны енгізбес бұрын елде 90 мың кәсіпкер бюджетке 294 миллиард теңге салық есебінде қарыз екенін жария еткен болатын. Оның ішінде 20 млрд теңге алматылық кәсіп иелерінің мойнында тұр. Егер Алматы бизнесмендері осы соманы биыл жыл соңына дейін төлесе, өсімпұл мен айыппұл ретінде 14 млрд теңге кешірілуі керек болған. Қалалық кірістер департаментінің мәліметіне қарағанда, осы күнге дейін жоғарыдағы берешектің тек төрттен бірі өтелген. Мүліктік немесе жер салығынан басқа салықтар бойынша қалада алды 1 млрд теңге, кейбірі 800, 700, 600 млн теңгеге дейін қордаланған қарыздар тіркелген.
Елімізде алғашқы салықтық амнистия 2001 жылы, одан кейін 2006-2007 жылдары, соңғысы 2014 жылы жүргізілген. Былтырғы Президенттің жолдауында мемлекет басшысы көлеңкелі экономикадағы қаражатты шығаруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеп, кезекті салықтық рақымшылық акциясын жариялауды тапсырған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы