Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев сайлауалды бағдарламасын жариялады
Жигули Дайрабаевтың 222 штабы 164 ауылдық ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада жұмыс істейді
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев сайлауалды бағдарламасын жариялады. Сондай-ақ бүгін кандидаттың ресми өңірлік штабтарының ашылуы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы біздің басты ұлттық артықшылықтарымызды: дала демократиясы қағидаттарын; жоғары рухани-адами мәдениетті; қуатты аграрлық саланы және бақуатты өңірлерді барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
«Мен ауылдың өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламаларын іске асыру арқылы орталық пен өңірлер арасында ортақ игіліктерді тең және әділ бөлуге қол жеткіземін. Еңбекқорлықты, жауапкершілікті, аға буынға құрмет көрсетуді, ойлау еркіндігін, ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтауды сіңіруге баса назар аудара отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білім берудің тұжырымдамалық тәсілдерін өзгертуге тырысамын. Қазақстан Республикасын аграрлық державаға айналдыруға ниеттімін, онда әрбір жер учаскесі пайда әкеледі, онда әрбір дастархан сапалы және қолжетімді отандық өніммен толтырылады», – деп атап өтті өз бағдарламасында кандидат Жигули Дайрабаев.
Кандидат ата-баба мұрасын қастерлей құрметтейтін және ұлттың болашағы үшін шын пейілмен алаңдайтын әрбір қазақстандық өзін сайлауда қолдайтынына сенімді.
Сондай-ақ, бүгін кандидаттың бүкіл ел бойынша ресми аймақтық штабтарының ашылуы өтті. Іс-шараға партия мүшелері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
«Ауыл» партиясының кандидатын қолдау үшін дауыс беруге және үгіт-насихат жүргізуге дайын жас партия мүшелерінің науқаннан науқанға дейінгі аралықта саны артып келе жатқаны бізді қуантады. Мен қала тұрғындарына кандидаттың бағдарламасын сенімді өкіл ретінде белсене түсіндіретін боламын. Ауылдар мен аграрлық сектордың дамуы ауылдық жерлердің тұрғындарын ғана емес, қалаларды да алаңдататынына сенімдімін. Жигули Молдақалықұлының ұранындағыдай, бәріміз де «Ауылдан шықтық». Біз өз сайлаушыларымызды табатынымызға сенімдімін», - дейді Шымкент қаласы бойынша «Ауыл» партиясы басшысының орынбасары Жанысбек Өтеген.
Жигули Дайрабаевтың 222 штабы 164 ауылдық ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада жұмыс істейді. Барлық қоғамдық штаб үгіт-насихат жұмыстарына қажетті заттармен толық қамтамасыз етілген.
Естеріңізге сала кетейік, кеше бүкіл ел бойынша сайлау науқаны басталды, ол 19 қарашаға дейін жалғасады.