Шымкентте футбол жанкүйерлері арасында жанжал туындады
Оларды полиция қызметкерлері тоқтатты
Шымкентте футбол командалары жанкүйерлерінің арасында жанжал туындады. Жанжалды полиция қызметкерлері тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігінің телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 29 қазан күні сағат 17.30-да 102 арнасына Шымкент қаласының тұрғынынан Тәуке хан даңғылы мен А.Байтұрсынов көшесінің қиылысында жас азаматтардың жиналғаны туралы хабарлама түскен.
Белгілі болғандай, Ақтөбе қаласының 50 шақты тұрғыны («Ақтөбе» футбол командасының жанкүйерлері) А.Байтұрсынов көшесінің бойында Шымкент қаласының 10 тұрғынын («Ордабасы» футбол командасының жанкүйерлері) жолықтырып, араларында ауызша жанжал туындаған. Оларды полиция қызметкерлері тоқтатты.
«Аталған тұлғалардың барлығы Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына жеткізілді. Жауап алу барысында азаматтар төбелес жайтын жоққа шығарып, бір-біріне қатысты шағымдары жоқ екенін айтты. Барлық жеткізілген тұлғалармен профилактикалық әңгіме жүргізілді», - деді полицияда.