Оқиға Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты орташа қауіпсіздіктегі №25 мекемесінде болған
Таразда түрмеге ұялы телефондарды сәбіз салынған қапшыққа жасырып кіргізбек болған азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«5513 әскери бөлімінің қызметкерлері – қатардағы жауынгерлер Е. Қуанышов пен А. Есіркесімов, ефрейтор Қ. Сметов көліктерді бақылау-өткізу пунктінде жеткізілген өнімдерге тексеру жүргізген. Тінту шараларының нәтижелері бойынша «Еңбек-Тараз» РМК қоймасына тамақ өнімдерін әкелген жүк көлігінен түсірілген сәбіз салынған қапшықтан полиэтилен пакетке оралған түйіншек табылды. Тексеру кезінде оның ішінде 2 бірлік microSD (жад картасы), 1 дана камерасы бар көк түсті чип, және 7 дана смартфон бары анықталды», - деп көрсетті Жамбыл облыстық ҚАЖД баспасөз қызметі.
Аталған факт бейнежазбаға тіркеліп, табылған заттарды кезекші жедел-тергеу тобы тәркіледі. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша материалдарды Тараз қаласының әкімшілік сотына беру үшін бастапқы материал жасалды. Бұдан бөлек, ҚАЖД басшылығына, прокуратура, Полиция департаментіне және ҰҚКД қызметкерлеріне хабар берілген.