Бүгін еліміздің басым аумағында күн ашық әрі жылы болады

Автор: Azattyq Rýhy

Оңтүстік өңірлерде әлі де болса жоғары өрт қауіптілігі сақталады

9 қазанда республиканың басым аумағы жоғары ауа қысымының ықпалында болғандықтан, күн жылы әрі жауын-шашынсыз болады деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.

Тек еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында жаңбыр жауады деп күтілуде. Кей өңірлерде тұман түсіп, оңтүстік-шығыста желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Алматы облысында жел күшейіп, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында түнде, Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында таңертең тұман түседі.

Түркістан облысының басым аумағында, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында және Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында және Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.