$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көлікпен адам емес, су тасимыз: Алматы облысының тұрғындары ауыз суды тасып ішуге мәжбүр

Әкімдік бәріне бірдей су тарту үшін қысым жетіспейтінін айтты

Көлікпен адам емес, су тасимыз: Алматы облысының тұрғындары ауыз суды тасып ішуге мәжбүр
фото: almaty.tv

Көлікпен адам емес, су тасимыз. Алматы облысындағы Ұзынағашқа кейіннен қосылған елдімекен халқы осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Ауылдың шеті болған соң оларға тіпті құбыр да тартылмапты. Ал әкімдік бәріне бірдей су тарту үшін қысым жетіспейтінін айтты.

Сусыз ауылдың жолы жоқ көшелерінде тұратын көпшілік бүгін шелегін арқалап тағы бас көтерді. Сұрай-сұрай сүйкім кетті деген қалың ел жергілікті әкімдік құрғақ уәдемен шаршатты дейді.

«Әкімдікке барып су тартып беріңіз десек, қысым аз екенін айтты. Қысым аз болса неге көлік жуатын орын, бассейн, монша салып тастаған?» – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гүлпаршын Әбдімұратова.

Қаласа құбыр да жүргізіп, суды да қосып берер еді деп налыған жұрт, ауылға кейіннен қосылғандықтан бізді елемей отыр деген пікір айтты. Өйткені бұл маңайдағы кейбір көшелерде барлық жағдай жасалған екен.

«Менің өзімнің бес-алты балам бар. Әр ай сайын көлікті жөндеуге тура келеді. Мына көршіміздің баласын қағып кетті», – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Рәзия Айтжанова.

Құбыр мәселесін қарастырып береміз, бірақ қазір емес деген Жамбыл аудандық әкімдігі сусыз ауылдарға арнайы көлікпен су жеткізіп жатырмыз деп ақталды. Оның өзі толық шешілмеген сияқты.

«Ұзынағаш ауылына қатысты 3-кезең ауыз сумен қамту жобасын орындадық. Бюджеттен биылғы жылға 50 млн теңге қаражат бөлінді. Соның қазір біз биыл конкурстық өтінімдерін өткізіп, даярлап қоямыз. Республикалық бюджеттің реестріне 2023-2024 жылға жоба кіргізілді», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов.

Ауыз суға арызданған азаматтар құжат бойынша ауылға кіріп тұрмыз, демек әкімдік жағдай жасауға міндетті дегенді алға тартады. Жер телімін сатқанда басқаша сөйлеген көрінеді. Ауыз судан әлі де үмітті елге әкімдік тек ауызша уәде берді. Барлығы жоспар бойынша жасалып жатыр деп сендірді. Сондықтан су сұраған халықтың күтуден басқа амалы жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #ауыз су