Астанада қала тұрғынынан ірі көлемде гашиш тәркіленді
Жыл басынан бері елордада заңсыз айналымнан 250 келіден астам есірткі заттары тәркіленген
Елордалық полицейлер гашишті өткізу фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде есірткі сатушыны ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары өткізілді. Қала тұрғыны белгісіз адамның үйінде есірткі сақтайтыны туралы полицияға хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері елорданың 34 жастағы тұрғынын ұстады, одан салмағы екі жүз грамнан асатын "гашиш" тәркіленді.
«Тәркіленген есірткі заты буып-түйіліп, одан әрі сату үшін дайындалғаны анықталды. Сондай-ақ, тінту кезінде ер адамнан есірткі қалдықтары бар электронды таразы тәркіленді. Есірткіні сақтау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құқықтық тәртіп сақшылары есірткі жеткізу арнасын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде», - деп көрсетті Астана қаласы Полиция департаменті.