Қазіргі уақытта күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде
Түркістан қаласының полициясына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы арызбен жүгінді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бейтаныс әйел оған кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттен субсидия алуға көмектесуге уәде берген. Белгілі болғандай, ол өз қызметі үшін жәбірленушіден 3 600 000 теңге алып, 2 ай бойы алдап келген. Жәбірленушіге берген уәдесін де орындамаған, ақшасын да қайтармаған.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Хабарлама түскен бойда тәртіп сақшылары бірден қажетті іс-шараларға кірісті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары алаяқтың жеке басын анықтап, күдіктіні ұстады. Ол жұмыссыз әйел болып шықты. Сенімге кіріп, жәбірленушіден алаяқтық жолмен ақша алған.
Қазіргі уақытта күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.