Сарыағашта мал ұрлаған ер адам үш жылға сотталды
Ол түнгі 04:30 шамасында бөтеннің қорасынан төрт жылқыны айдап кеткен
Сарыағашта 2 млн теңгенің малын ұрлаған ер адам сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын арызданып, түнгі 04:30 шамасында үйінің қорасында тұрған төрт жылқысын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты.
Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде күдіктінің ұрлаған жылқыларды жасырып отырған орны анықтады. Сонымен қатар күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни 46 жастағы ер адам ұсталды.
Аталған жайт ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді. Бұл істі полицейлер толығымен аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азамат үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.