Атырауда Антикордың ұсынысымен 46 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Оның 3-еуі жұмыстан шығарылған
Атырауда Антикордың ұсынысымен 46 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұрлан Жахинның мәліметінше, жыл басынан бері тәртіптік жауапқа 46 адам тартылған. Оның 3-еуі жұмыстан шығарылған.
«Біздің департамент қылмыстық істерді тергеп-тексеру нәтижелерімен тиісті ұсыныстар енгізеді. Биылғы 9 айда 42 ұсыныс енгізілді. Оның көпшілігі әкімдіктерге, құрылымдық бөлімшелеріне (19), ішкі істер органдарына (17) және басқа да мемлекеттік құрылымдарға (6) жіберілді. Басшылардан қарамағындағылардың заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілік сұралатынын ескеру қажет. Мәселен, Атырау қалалық полиция басқармасының басшылары қарамағындағылардың қызметіне бақылау жүргізбегеніне байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Ал, ювеналды полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы аға инспектор лауазымын учаскелік инспекторға дейін төмендетті», - дейді Нұрлан Жахин.