«Қымбатшылық қазақстандықтардың қалтасын қақты»: Үкімет басшысы қандай шара қолданатынын айтты
Жылдық ресми инфляция бүгінгі күнге дейін 17,7 пайызды құрады
Үкімет инфляцияның мақсатты деңгейін сақтап қала алмады. Бұған дейін экокномикаға жауапты ведомство басшылары осы жылғы инфляцияның көрсеткіші 4 пен 6 пайыз аралығында болады деп сендірген еді. Алайда бұл көрсеткіш биыл 17,7 пайызға дейін жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаты Дәния Еспаева елдегі қымбатшылыққа қатысты алаңдаушылығын білдірді.
«Биыл бағаның күрт шарықтауы біздің азаматтарымыздың қалтасын қатты қақты. Жылдық ресми инфляция бүгінгі күнге дейін 17,7 пайызды құрады, мақсатты деңгейі 4-тен 6 пайызға дейін еді. Ал қажетті өнімдердің бағасы жыл басынан бері 22 пайызға қымбаттады. Өткен жылы Мәжілісте республикалық бюджет жобасын қарау кезінде Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп осы жылы жоспарланған дәлізде барлық шаралар кешенін қабылдауға және инфляцияны ұстап қалуға уәде берді. Алайда, көріп отырғанымыздай, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Сонымен қатар, Үкімет ұсынған 2023-25 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес 2023 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде жоспарланған. Ал кейінгі жылдары тіпті 3-тен 4 пайызға дейін төмендеу болжануда. Мұндай оптимистік болжам қандай факторларға негізделген?» - деді Мәжіліс депутаты.
Премьер-министр Әлихан Смайылов түйткілді мәселені ең алдымен әлемдік геосаяси ахуалмен байланыстырды. Оның айтуынша, инфляцияның күрт өсуі жалғыз Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлем елдеріне кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда АҚШ, Еуропа елдерінде инфляцияның өсу қарқыны соңғы 40 жыл ішінде болмаған рекордтық көрсеткішке жеткен. Ал көрші елдерде инфляция 14-15 пайызды құраған.
Үкімет басшысы мұның себептерін энергия тасымалдаушылардың, минералды тыңайтқыштардың және азық-түлік тауарларының қымбаттауымен, сондай-ақ көлік логистикасындағы туындаған қиындықтармен байланыстырды.
«Біздің жағдайда инфляцияның өсуі Ресей Федерациясына импорттың күрт төмендеуімен және Ресей рублінің долларға, сондай-ақ тиісінше теңгеге шаққандағы бағасының 30 пайызға қымбаттауымен байланысты болды. Тиісінше, Ресейден Қазақстанға келетін барлық импорт 30 пайызға қымбаттады. Ал бізде Ресейдің жалпы импорттағы үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Өткен жылы бюджетті қалыптастыру кезінде аталған теріс факторлардың барлығын болжай алмадық», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазіргі уақытта халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың құлдырау кезеңінде тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Осыған орай Қазақстан билігі жүйелі және жедел шараларды іске асыруды жоспарлап отығаны мәлім болды.
«Біз орта мерзімді кезеңде тұрақты экономикалық дамуға бағытталған экономикалық саясатты іске асырамыз. Инфляцияға келетін болсақ, біз Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін іске асырамыз, бұл жүйелі және жедел шаралар. Жүйелі шаралар ішкі нарықты қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Жедел шаралар – бұл ең алдымен логистика, монополияға қарсы реттеу, сыртқы сауданы реттеу мәселелері. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келесі жылы инфляция 7,5 - 9,5 пайызға дейін төмендейді деп санаймыз», - деді Премьер-министр.