Мемлекет басшысы құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтады
Бүгін – Құтқарушылар күні

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысының Құтқарушылар күнімен құттықтап сөйлеген сөзі Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
«Баршаңызды Қазақстан Республикасының «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен құттықтаймын!Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте құтқарушыларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
«Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық. Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін», - деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы құтқарушылардың жауапты жұмысына табыс, отбасыларына амандық тілейтінін еткізді.