Атырау облысында 200 отбасы дайын тұрған жаңа баспанаға кіре алмай отыр
Енді құрылыс мерзімін созған мердігер мекемені жергілікті әкімдік сотқа берді
Атырау облысы Индербор кентіндегі көп қабатты 4 үй әлі тапсырылған жоқ. Екі жүзге жуық отбасы баспанасына қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Кұрылыстың кешігу себебі – жыл басынан бері құрылыс материалдары екі-үш есеге қымбаттаған. Сондай-ақ жаз бойы вагон жетпегендіктен, құрылыс материалдарын тасымалдауда кідіріс болған. Соған қарамастан, қазір үйлер дайын тұр. Бірақ аулаларды абаттандыру жұмыстары бітпеді. Жоба бойынша көп қабатты үйлердің маңайында 5 мың шаршы метр аумақ асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы төселуі тиіс. Сондай-ақ балалардың спорттық және ойын алаңдары да жасақталмаған. Осындай келеңсіздіктердің кесірінен 200-ге тарта отбасы жаңа қонысқа көше алмай қалған. Енді құрылыс мерзімін созған мердігер мекемені жергілікті әкімдік сотқа берді
«Мұны ұтып алған «Агроспецмонтаж» деген ЖШС. Екі ортада шарт бар. Қазір біз аталған мекемемен жосықсыздандыруға талап-арыз ұсынып отырмыз. Алайда бұл мекеме өзінің шарт мерзімі өтіп кетсе де, осы айда аяқтап, асфальтін төсеп өз қалпына келтіреміз деген уәдесін беріп отыр. Сол себепті материалдарын да әкеліп жатыр. Мердігер мекеменің айтуынша, осы қыс түспей асфальтті төсеп, балалардың ойын алаңын салып береміз деп отыр», - деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Ғабдуллин.