Елімізде жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 181 бала қаза тапты
Балалардың қатысуымен 2 378 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Жыл сайын ЖКО салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алуда. Десе де соңғы 5 жылда бұл көрсеткіштің төмендеу динамикасы байқалады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев ОКҚ-да мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды.
«Жол-көлік оқиғасына көбіне көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетін немесе бағдаршамның қызыл жарығына өтетін жаяу жүргіншілер кінәлі болып жатады. Сол сияқты, тәуліктің қараңғы уақытында жүргізушілер жаяу жүргіншілерді байқамай қалуы мүмкін, себебі жаяу жүргіншілер киімдерінде жарық қайтаратын элементтерді сирек пайдаланады. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 357 жол-көлік оқиғасы болды, 77 адам қаза тауып, 293 адам жарақат алды», - деді Жандос Мұратәлиев.
Сондай-ақ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, әдетте, оқыс оқиғадан балалар өте мүшкіл хәлге ұшырайтындай ауыр жарақат алады.
«Биыл 9 айда кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының барлық көрсеткіші бойынша өсім байқалады. Есепті кезеңде балалардың қатысуымен 2 378 жол-көлік оқиғасына жол берілді, онда 181 бала қаза тауып, 2 826 жасөспірім жарақат алды», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.