Биыл Астанада тағы 40 жылы аялдама салынады
Қала тұрғындарына қоғамдық көлікті күту жайлы әрі жылы болуы үшін аялдамалар саны жыл сайын артып келеді
Астанада 2015 жылдан бастап жылы аялдамалар орнатыла бастады. Қазір қалада құны 10 миллион теңге тұратын жылы аялдамалар саны 164-ке жуықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Elorda.info сайтына сілтеме жасап.
Қысы қатты Астанада қажетті автобусты аялдамада күту тұрғындар үшін оңай емес. Жергілікті әкімдік қала тұрғындары үшін қоғамдық көлікті күту жайлы әрі жылы болуы үшін жыл сайын жылы аялдамалар санын арттырып келеді.
Сандық деректерге сәйкес, 2015-2021 жылдары Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 130 жылы аялдама орнатса, елордадағы Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тағы 29 жылы аялдама қосып, олардың санын арттырды. Есіл ауданы әкімдігі 2, Сарыарқа ауданы әкімдігі 1 және Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен 2 жылы аялдама орнатылды.
«Биыл Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жабық үлгідегі 40 жылы аялдама орнатуды жоспарлап отыр. Бүгінде жылы аялдамаларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жабық аялдамалар әлеуметтік маңызы бар нысандарды ескере отырып орнатылады», - деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілі.
Осыдан 8 жыл бұрын орнатыла бастаған жылы аялдамаға қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын сын-ескертпелер аз емес. Бірі үйсіз және мас адамдардың жылы аялдамаға кіруіне қарсы болса, енді бірі аялдама ішіндегі жағымсыз иістен мезі болғандарын, сол себепті ішіне кіргісі келмейтінін айтады.
«Жылы аялдаманың жай-күйіне аудан әкімдіктері мен мердігер мекеме жауап беруі қажет. Павильондар аптасына 3 рет тазаланады. Түнгі уақытта жылы аялдамаларды құлыптау қосымша жұмыс күшін қажет етеді. Тұрғындар iKomek қызметіне 109 телефоны арқылы хабарласып, өтініштерін білдіре алады», – деді басқарма өкілі.
Елордалықтар күздің қара суығында да қоғамдық көлікті жылы аялдамада күтуді жөн көреді. Бірақ бүгінде олардың барлығына жылу берілмеген, телефон қуаттайтын орындары істен шыққан. Бәлкім, жылу берілген кезде электр энергиясы да беріледі деген үміт бар. Алайда тұрғындардың жайлылығы үшін орнатылған жылы аялдамаларды күтіп-ұстау әкімдіктің жұмысы деп қарап отыруға болмайды. Әр тұрғын ішіне қоқыс тастамаса, оның өзі үлкен жауапкершілік емес пе?!