Ресейде ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар да мобилизацияға шақырылмақ
Бұған дейін соттылығы бар адамдарды әскер қатарына шақыруға заңмен тыйым салынған болатын
Ресейдің Мемлекеттік Дума 18 қазаннан бастап ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған және жазасын өтеп жүрген жүздеген мың адамды мобилизациялауға рұқсат бермек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
BBC агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін соттылығы бар адамдарды әскер қатарына шақыруға заңмен тыйым салынған болатын. Алайда әскери комиссариаттар бұл тыйымды қазірдің өзінде бұзып жатса, елдің қорғаныс жөніндегі парламенттік комитеті оның күшін шұғыл түрде жоюды ұсынып отыр.
Сондай-ақ Қорғаныс министрі Сергей Шойгудің бұрынғы орынбасары, қазір Мемлекеттік Думаның қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов пен комитет төрағасының бірінші орынбасары Андрей Красов та аталған заң нормасын алып тастауды ұсынған.
РФ Қылмыстық кодексінде адамды 5 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыратын қылмыстарды ауыр санатқа жатқызады.
Сонымен бірге, құқық қорғаушылар да әскери комиссариаттар қылмыстық атқару инспекциясының көмегімен заңға өзгеріс енуін күтпестен, соттылығы бар азаматтарды алып кетіп жатқанын мәлімдеді.
Тақырыпқа орай: Мәскеуде мобилизация аяқталды
Айта кетерлігі, Ресейде ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған жүздеген мың адам бар. Олар жақында заңды түрде мобилизацияға ілінетін болады.