Келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін мемқызмет ақылы болуы мүмкін

Azattyq Rýhy

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды

Келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін мемқызмет ақылы болуы мүмкін
фото: egov.kz

Қазақстанда келесі жылдан бастап шетелдіктер қызмет алуы кезінде ақы төлеуі мүмкін. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Күн тәртібінде электронды-цифрлық қолтаңбадан бас тарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан құжаттар алу, емханаға тіркелу және бизнеске арналған қызметтерді жетілдіру мәселелері қарастырылды.

«Менің ойымша, біз бірінші кезекте халыққа электрондық қызметтерді пайдалану ыңғайлы екеніне көз жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта QR арқылы қол қою механизмі әзірленді, ол ыңғайлы және қауіпсіз. Оны барлық порталдарға енгізу ғана қалды. Бұл жұмысты жандандыру және NCALayer жүйесінен толық бас тарту бойынша тапсырма бердім», - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Кейбір жағдайларда қызмет алушылар қандай да бір құжаттың дайын болғаны туралы СМС хабарлама алып, ХҚКО-ға келгенде оның әлі жеткізілмегенін біліп жатады. Бұл қызмет те жетілдіріліп жатыр. Министрдің айтуынша, жақында халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта келмей, қызметтерді электрондық түрде, уақытында алу мүмкін болмақ.

Сондай-ақ, жақын арада емханаға тіркелу процесін толық автоматтандыру жоспарлануда. Мұндай бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Яғни, өтініштер қағаз түрінде қаралмайды, жүйенің өзі бәрін тексереді және тіркейді, ал көшкен кезде адамға жаңа тұрғылықты жері бойынша емхана ұсынылады.

«Сонымен қатар, бүгін Әділет министрлігінің бастамасымен деректерді өзгерту процестерін жеңілдету, мысалы, тіркеу мекенжайын өзгертуге қатысты ұсыныс қаралды. Бұл қызмет банктердің қосымшаларында қолжетімді болады. Тек техникалық тұрғыда іске асыру ғана қалды, сондықтан мен бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырдым», - деді Бағдат Мусин.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер үшін төлем енгізу жағдайы талқыланды. Шетелдіктердің қызмет алуы кезінде ақы төлеу жүйесін енгізуге баса назар аударылды. Келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін төлем енгізу механизмі әзірленуі мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.